Кіріспе
Өткен күн тарих, бүгінгі күн сый,
келер күн сыр.
Адам орта жасқа келгенде еріксіз алды-артына қарап, жүріп өткен жолына көз жүгіртіп, өзіне есеп бере бастайды. Мен бала күнімнен өмірдегі ерекше сәттерді қағазға түсіруді әдетке айналдырдым. 1986 жылы алғаш рет күнделік жазуды қолға алған екенмін. Ол кезде небәрі алтыншы сыныпта оқитын бала едім. Күнделік жазу ойы сол шақта қайдан келгені қазір есімде жоқ. Бәлкім, оқыған кітаптарым әсер еткен болар.
Бала күнімнен кітапқұмар болдым. Қызықты шығарма қолыма тисе, бір түнде оқып шығатынмын. Алғашында кітаптың әсерлі тұстарының астын сызып отыратынмын, кейін сол ойларымды жеке жазбаларға түсіре бастадым. Есейе келе жазғандарым жоғалып кетпесін деп, компьютерге енгізіп, электрондық күнделік жүргізуді қолға алдым.
Сол сәттерде қағазға түскен ойлар мен естеліктер кейін түрлі қызметтерде жүргенде кәдеге жарады. Танымал тұлғалардың өмір жолы мен толғаныстары менің өз өмірлік ұстанымымды қалыптастыруға ықпал етті.
Жиырма жасқа келгенде әр ісіме есеп беріп, әрбір әрекетімді саралап отыруды дағдыға айналдырдым. Уақыт өте, сол жазбаларымның өмірімнің ажырамас бөлігіне айналғанын байқадым.
Адам бойындағы құндылық – Жаратқанның сыйы. Алла әр адамды қайталанбас тұлға етіп жаратқан. Алтын мен алмасты жер қойнауынан қазып алғанда олардың өз құны бар, бірақ өңделген сайын әсемдігі артып, құндылығы еселене түседі. Адам да сол секілді – өмірге белгілі қасиеттермен келіп, отбасы тәрбиесі, оқу-білім мен қоршаған ортаның әсерімен сол қасиеттерін шыңдайды. Дегенмен кейде өмірдің ықпалында жүріп, өз құндылығын жоғалтып алатындар да болады.
Ердің жасы елуге таяғанда, өмірдің әр белесін саралап, өз тәжірибемді жүйелеп, өзгеге ой салар дүниеге айналдыруды мақсат еттім.
Бұл кітапты жазуға шамамен жиырма жылға жуық мемлекеттік қызметтегі тәжірибем негіз болды. Әр қызмет сатысы – өз алдына бір мектеп. Сол кезеңдердің бәрі менің өмірлік танымымды байытып, көзқарасымды қалыптастырды. Өмірдің әр өткелінде жаңа түсінік, жаңа пайым пайда болады. Бір кездері мызғымас деп санаған қағидаларыңның өзі уақыт өте өзгеретініне көзім жетті.
Бұл кітапқа менің өмір жолымдағы оқиғалар мен сол жолда түйген тәжірибелер арқау болды. Негізгі мақсатым – мемлекеттік қызметке жаңадан келген жастар мен жас басшыларға бағыт-бағдар беріп, тәжірибелік кеңес ұсыну.
Өйткені ешкім бұл өмірге бәрін біліп келмейді. Бәрі – уақыт пен тәжірибенің жемісі. Әрбір табыс пен өкініштің астарында үлкен сабақ жатыр. Сүрінбеген адамнан үйренер нәрсе аз, ал өмірдің ыстығы мен суығын көрген адамның айтары мен тәлімі көп.
Бұл еңбекте елге және өңірге танымал азаматтардың жұмыс тәсілі, адамдық болмысы мен іскерлік қасиеттері де баяндалады. Кітаптың мазмұны негізінен менің өз басымнан өткен кезеңдер мен қызмет барысында қалыптасқан қарым-қатынастардан туған тәжірибелерге құрылған. Қызметтің қиындығы мен қызығын қатар көріп, түрлі өмір сабағын бойыма сіңірдім. Сол жиған тәжірибем мен ой қорытындыларымды қағазға түсіріп, жас мемлекеттік қызметшілерге пайдалы болар кейстер ұсынуды жөн санадым.
Қазір ақыл-кеңес берушілер көп. Әлеуметтік желіде тамақтану мен өзін-өзі дамыту жайлы түрлі блогтар толып жүр. Бір жағынан, бұл заман талабы да шығар. Өйткені өз бетімен бағыт таба алмайтын адамдар үшін бұл – қажет дүние. Тек берілген кеңес адамға пайдасын тигізсе болғаны.
Мен өзімді солардың қатарына қосқым келмейді. Бірақ өмірден өз орнын тапқан, халықпен бірге қызмет істеген адам ретінде, жинаған тәжірибемді өзімде ұстамай, кейінгі буынмен бөлісуді парыз санадым.
Бұл кітаптағы ойлардан әркім өзіне қажеттісін алар, қажетсізін қоя тұрар. Менің түпкі мақсатым – адам өз күш-жігері, білімі мен табандылығы арқылы өмірде жетістікке жете алатынын көрсету.
Өйткені әлемге әйгілі тұлғалардың көбі байлық пен беделге нөлден бастап, өз еңбегімен жеткен. Оларды өзгелерден даралайтын – тегі, алған білімі мен көрген тәрбиесі. Бұл қағида уақыт өтсе де өз мәнін жойған жоқ.
Отбасынан бастау алған тәрбие мен жылдар бойы жинаған өмірлік тәжірибе – осы кітаптың жазылуына негіз болды. Сондықтан бұл еңбек мемлекеттік қызметке енді келген жас буын үшін жол картасы, өмір мектебінің бір тарауы боларына сенемін.
Адам белгілі бір жасқа келгенде еріксіз ой түйеді:
«Мен осы уақытқа дейін не тындырдым? Қоғамға қандай пайдам тиді? Өмірімнің мәні неде?» – деген сұрақтар кез келген саналы жанның көкейінен табылады. Бұл – өзін тануға, ішкі әлемін ашуға апарар жол.
Менің осы жазбаларым, ең алдымен, өз отбасым мен балаларыма қалдырған рухани мұрам деп білемін. Онда өмір жолым, қызметтік тәжірибем, туған жердің тарихы мен тағылымы бар. Мүмкін, мен сияқты кітапқұмар жандар үшін де ой салар, өмірге деген құлшынысын арттырар дүние болар.
Ал бұл кітаптың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтегі жастарға өмірден түйген тәжірибелер арқылы бағыт-бағдар көрсету, өзін-өзі жетілдіруіне сеп болу.
І тарау. Балалық шағымның сәттері
Ащыойылдың жағасында өткен балалық
Ауыл – әр қазақтың жүрегіндегі
ең қасиетті мекен. Б.Момышұлы
«Адамның ойлағаны болмайды, Алланың қалағаны болады» деген сөздің ақиқаттығына уақыт өте келе көзім жетті. Өмірімнің мемлекеттік қызметпен тікелей байланысатынын бұрын ешқашан ойлаппын ба – тіпті елестетпеппін.
Менің балалық шағым Ақтөбе облысы, Темір ауданының шалғайындағы бұрынғы Теректі совхозында, қазіргі Тасқопа ауылында өтті. Жаңа атауы – Тасқопаға көпке дейін үйренісе алмай жүрдім. Себебі балалық және жастық шағымда «Қай жерденсің?» деп сұрағанда әрдайым: «Теректіденмін» деп жауап беретінмін.
Ауылым – еліміздің өзге ауылдары секілді қазақы болмысын сақтаған, Кербие қыратының баурайы мен Ащыойыл өзенінің сағасында орналасқан шағын, бірақ шырайлы елді мекен.
Ащыойыл – Ойыл өзенінің бір тармағы. Ені 10–20 метр шамасында, кей тұстарда тереңдігі үш метрге дейін жетеді. Бір жері құмды, бір жері жабысқақ лайлы көлшіктер мен тік жарлы қарасулардан тұрады.
Тасқопа ауылы Шилісай мен Шұбаржылан өзендерінің түйіскен тұсынан бастау алып, батысқа қарай Индер көлі маңындағы шөлейт аймақтарға сіңіп кетеді.
Ауыл туралы айтқанда, алдымен көз алдыма Кербие мен Ащыойыл елестейді. Кербие – Тасқопадан екі шақырымдай жерде, қалың қамыстың арасында орналасқан жер. Оның атауы Асау-Барақ батырдың жылқышысы Ожырай Құрманқожа Сұлтанбек есімімен байланыстырылады.
Аңыз бойынша, ол Ойылдың Құмжарған деген жерінен ата-анасына еңбегіне алған жылқыларын айдап келе жатып, Ащыойыл бойындағы осы маңға аялдайды. Ертеңіне тұрса, бір биесі ақсап, жүре алмай қалыпты. Күздің кезі болса керек. Бие жүре алмайтын болған соң, «қайтарда алып кетермін» деп Кербие бойына қалдырып кетеді. Ал қайтар жолда іздесе, биесін таба алмайды. Келер жылы Құмжарғанға ата-анасына көрісуге келе жатқанда, баяғы биесін дәл сол маңнан, аман-есен, құлындап тұрған күйінде көреді.
Содан бері ел бұл жерді «Кербие» атап кеткен екен. Осы аңыз-әңгіме менің есімде әлі күнге дейін жаңғырып тұрады.
Біз отбасында бес баламыз. Үйдің үлкені – менмін. Менен кейін екі інім мен екі қарындасым бар. Анам отбасында тәртіп пен еңбекті бірінші орынға қоятын. «Ұлсың, қызсың» деп бөлмей, бәрімізге бірдей талап қоятын. Аптасына кезекпен үй тазалатып, ас пісіруді, ұқыптылық пен жауапкершілікті ерте жастан үйретті.
Әкем кейінгі жылдары машина-трактор гаражының меңгерушісі, бригадир, техника мен құрал-жабдық тасымалдаушы болып қызмет етті. Сол себепті іссапарда жиі жүретін. Біз көбіне ата-әженің тәрбиесінде өстік.
Анам күн сайын кешкі шай үстінде бесеумізді маңайына жинап алып, сабағымызды сұрайтын. Мен өз бетімше дайындалуға әдеттеніп алғандықтан, іні-қарындастарымның үй тапсырмасын көбіне анаммен бірге қарап, түсіндіретінмін.
Мектепте тарих пәнінен сабақ берген Мұхтарова Сәуле апай әр сабағының соңғы он бес минутын өлкетану тақырыбына арнайтын. Ауылдың тарихы, жер-су атаулары мен елге еңбегі сіңген тұлғалар туралы қызықты әңгімелер айтатын. Сол кезде мен «Тасқопа» атауы ауылдың ежелгі аты екенін білдім.
Мектепте озат оқушылардың қатарында болдым. Сыныпта отряд кеңесінің төрағасы болғандықтан, түрлі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатынмын.
Өмірімдегі ерекше есте қалған сәттердің бірі – Мәскеу, Белград және Курск қалаларына жасаған сапарым. Сол уақытта ауылымыздың совхозы өз қаржысына мектептің 9–11-сынып оқушыларына арналған туристік саяхат ұйымдастырған еді. Бір оқушы бара алмай қалып, оның орнына маған жолдама бұйырды. Сапарға шыққандардың ішінде ең жасы мен болдым.
Мәскеуде Қызыл алаңды, мавзолейдегі қарауыл алмасуын, тарихи орындарды тамашаладық. Белградта Ұлы Отан соғысына арналған мұражай ерекше әсер қалдырды. Ал Курскіде бес қабатты қонақүйде тұрып, Славян базарын араладық, алғаш рет кинотеатрға бардық.
Осындай сапарлар балалық шақтың ең жарқын естеліктері болып жадыңда мәңгі сақталады екен. Қазір өз балаларымды да мүмкіндігінше мұражайлар мен тарихи орындарға апарып, оларды қызықтыратын тақырыптар төңірегінде жиі сөйлесіп отырамын. Себебі балалық шақтағы әсерлі сәттер – болашақ тұлғаның рухани қалыптасуына зор ықпал етеді.
Ащыойыл бойындағы менің ауылым шағын болғанымен, «қазақ ауыл» және «орыс ауыл» деп екіге бөлінетін. «Қазақ ауыл» ертеректе салынған, үйлері сирек, аз отбасынан тұратын. Ал «орыс ауыл» – совхоз құрылған кезде салынған үйлер тізбегі, ауылдың орталығы. Онда мектеп, амбулатория, клуб, балабақша мен дүкендер орналасқан. Тіршіліктің нағыз қайнаған ортасы да осы жақ еді.
«Қазақ ауылда» отыздай ғана үй болды. Мектеп жасындағы балалар аз – әр сыныпта екі-үш оқушыдан. Сабаққа он шақты бала бірге барып, бірге қайтатынбыз. Сондықтан жас ерекшелігімізге қарамай, бәріміз бір үйдің балаларындай едік.
Сол ұйымшылдық бізді әрқашан біріктіріп тұратын. Жазғы не қысқы спорт жарыстарында екі ауылдың балалары бәсекеге түскенде, көбіне біз жеңетінбіз. Бірақ ұтылған «орыс ауылдың» балалары көптігін пайдаланып, кейін есесін қайтарып алатын. Бұл – балалықтың балғын, бейқам кезеңінің қызық естеліктері ғой.
Ауылымыз шағын болса да, халқы еңбекқор, бірлігі жарасқан. Кейін талай елді мекенді аралап, түрлі ортада болсам да, өз ауылымның үлкендерінің көрегендігі мен жастарының ерік-жігері өзгелерден өзгеше екенін аңғардым. Мүмкін, бұл туған жерге деген ыстық махаббаттан болар, бірақ Тасқопаның адамдары шын мәнінде ерекше.
Ауыл жастарының көбі білімге, өнер мен спортқа бейім. Мектеп оқушыларының сөйлеу мәнері, өзін-өзі ұстауы, туған жерге деген сүйіспеншілігі де бірден байқалып тұратын.
Бала күнімде сүйіп оқыған жазушым Агата Кристидің мына бір сөзі есімнен кетпейді: «Өмірде адамға бұйыратын ең үлкен бақыттың бірі – бақытты балалық шақ».
Шынында да, кейде өткенге көз жүгіртсең, жүрегіңді жылытатын ең алғашқы, ең тәтті сағыныш – балалық шақтың бейқам, бақытты сәттері екен.
«Атадан қалған із, әжеден қалған ізгілік»
Қазақ баланы дара болса екен деп тәрбиелейді,
дара болғасын дана болсын деп тәрбиелейді.
Қазақта «Қарты бар үй – қазыналы үй» деген аталы сөз бар. Менің бойымдағы көптеген жақсы қасиет ата мен әженің тәлімінен дарыған. Қазақы дәстүр бойынша үлкендер кішкентай баладан «Кімнің баласысың?» деп сұрағанда, мен әрдайым мақтанышпен: «Ата-әжемнің баласымын» деп жауап беретінмін.
Ес білгелі көз алдыма жазғы үйдің алдында отырған атам мен үш әжем елестейді. Атам қайыстан ат әбзелдерін жасап, қамшы өрумен айналысатын. Ал әжелерімнің бірі жүн сабайды, бірі құрт-ірімшік қайнатады, енді бірі құрақ көрпе тігіп отыратын. Бізге келісаппен тары түйгізіп, қол диірменмен талқан тартқызатын. Әсіресе, құрт жасау ерекше қызық еді – домалақтап отырып, бірін аузымызға салып жіберетінбіз. Сол кездерді сағынышпен еске алғанда, әжелерімнің құрттарының дәмі әлі де аузымнан кетпейді.
Бала күнімде мен атамның үш әйелі бар деп ойлайтынмын, өйткені үнемі қасында жасы шамалас үш кемпір отыратын. Кейін білдім: Қалау атамның өз жары – Бәтима әжем екен. Ал Қилым әжем – Бәтима әжемнің немере әпкесі, ал Зағипа әжем – келіні. Екеуінің де жолдастары соғыста қаза тауып, ерте жесір қалған екен.
Бұл бөлімді жазу арқылы мен ата-әжелерімнің рухына тағзым етіп, олардың өнегелі өмір жолын ұрпаққа жеткізуді жөн көрдім.
Атам – Қанафин Қалау. Құжат бойынша ол 1910 жылы Ойыл ауданының Құлман ауылдық кеңесінде, Қанафия мен Төлеу отбасында дүниеге келген. Арабша сауат ашқан, кейін екі сыныптық білім алған. Әкесінен жалғыз бала болып қалған, алдында бір апасы болған екен. Қалау мен Бәтимадан он бір бала дүниеге келіп, өкінішке қарай, тоғызы үш-төрт жасқа жетпей шетінеп кеткен. Тірі қалған ұлы – Серікқали мен қызы – Ақжанай. Ұлы Серікқалидан мен тараймын.
Қалау атам Алға қаласындағы зауытта жұмыс істеген, ал туған жері – Жаман Жарлы. 1929 жылға дейін отбасы Ащыойылда тұрған, ашаршылық жылдары Қарақалпақстанға көшіп кетеді. Кейін 1938 жылы Алға қаласы арқылы қайтадан Ащыойылға оралған. Атамның әкесі Қанафия – ел ішінде беделді, әділ, шаруақор адам болыпты. Дау-дамайға араласып, билердің жанында жүріп, елдің сөзін сөйлеген.
Соғысқа дейін ел тұрмысы түзеліп, ауыл еңсесін көтерген шақ еді. 1938 жылдан бастап атам механизатор болып еңбек етті. 1942 жылы ақпанда соғысқа аттанып, ұрыс кезінде төсі мен қолтығынан жараланып, 1944 жылы елге оралды. Соғыстан кейін де механизаторлық қызметін жалғастырды. Жоғары еңбек көрсеткіштері үшін социалистік жарыстың Құрмет кітабына енгізіліп, 1962 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1965 жылы І класты тракторист-машинист куәлігін алды.
Атам тапал бойлы, мінезі шапшаң, ұқыпты, жинақы, көп сөйлемейтін, шаруасына мығым адам еді. Қалтасынан көк пышағы түспейтін. Шөп самтығынан салынған қорада біз, балалар, тығылыспақ ойнайтынбыз. Атамның өзіне арналған шағын шаруашылық бөлмесінде түрлі құрал-саймандар мен батырлар жырларының кітаптары сақталатын. Көбіне мені шақырып алып, жыр оқытатын. «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын» жырларын сол кісінің өтінішімен жаттап өстім.
Кешке жатар алдында атам маңдайын уқалатып, әңгімелескенді ұнататын. Кейде еркелікпен бұл әдеттен қашқақтайтынмын. Атамның қара аты бар еді – сол атымен қой бағып, кешке малдың алдына шығатын. «Малдың арқасында жетісіп отырсыңдар, оны күтіп-баптау – парыз» деп жиі ескертіп отыратын.
Біз «шалдың баласы» атанып өстік. Атам ет асқан күні асық жілікті қынамен бояп беретін. Көбіне үй тыныштығын ұнататын, кешке далаға шығып, ауыл қозғалысын үнсіз бақылап отыратын. Маған жүген мен қамшы өруді үйретті.
Өмірінің соңғы жылдарында сырқаттанып төсек тартып жатты. Бір күні мені қасына шақырып, маңдайын уқалатқаны әлі есімде. Сол сәт – атаммен соңғы жүздесуім болыпты. Ол 1986 жылы 15 маусымда дүниеден өтті.
Атам маған үнемі: «Біз сияқты сауатсыз болма. Бізде оқу мүмкіндігі болмады. Сендерге жол ашық, тегін оқудан қашпа, білім ал, ешқашан жасық болма», – деп отыратын.
Балалық шақта балалармен төбелесіп немесе ойнап жүріп құлап қалып жылап келгенде, атамның «Көз жасыңды көрсетпе, ер бала жыламайды!» деген сөзі жадымда қалды.
Атамның отбасы алғашқыда Ащыойылдың арғы бетінде там үйде тұрған. Тек бертін келе қазіргі Тасқопа ауылының орталығына көшкен. Атам көкемді (әкемді) мектепке өзі апарады екен. Ащыойылдан өткізіп мектепке апару үшін өткелге ағаштан жалғыз аяқ көпір салып, таңертең ертемен бергі бетке мектепке судан өткізіп, қайтарда күтіп алады екен. Көкем жалғыз баласы болғандықтан, қолдан келгенін аямаған. Атам 1986 жылы 15 маусымда дүниеден өтті.
Әжем Бәтима (Бәтіш) 1923 жылы Тасқопа жерінде, Әбділдә мен Қанипа отбасында дүниеге келген. Төрт сыныптық білімі бар. 16 жасында Қалау атама тұрмысқа шыққан.
1930 жылдары аштық пен қуғын-сүргін тұсында отбасы Темірге көшіп, кейін қайта ауылға оралады. Әжемнің әңгімесінен сол заманның қиын да қымбат күндерін жиі еститінбіз.
Тоғайбай деген ауылдық совет Жұрыннан астық әкеліп елге таратады, егінге бір жәшік қоян сатып алып, үй-үйлерге үлестіреді. Ел қоян бағып азық етеді. Тоғайбайдың алдында ауылдық совет Қойшығұл деген кісі болған. Ол да елді балықпен асырап, көп еңбек еткен. Сол кезде ауыл халқы ауыз суды Ащыойылдан алып, Кербиенің баурайында ел балықпен күн көрген.
1941 жылы бір ай трактор жүргізу курсынан өтіп, 1943 жылы Алтықарасуда механизатор болып еңбек етті. 1956 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне (ВДНХ) Ойыл ауданы атынан қатысып, 1961 жылы Ақтөбе облысы әйелдерінің І съезіне делегат болып сайланды. Еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болды.
Әжем өмір бойы еңбекқор болды. Қолөнер мен тұрмыс ісінің бәрін меңгерген. Тары түйіп, диірменмен ұн тартатын, құрақ көрпе тігетін, май шайқап, құрт-ірімшік әзірлейтін. Бізге «жұмыстан қашпаңдар» деп, бәрін бірге істететін.
Он жасымда маған «Фатиха» мен «Ықылас» сүрелерін жаттатты. Кешке ұйықтар алдында үнемі: «Лә иләһә илла Алла, Мұхаммадур расулулла. Алла тағала балаларым мен немерелерімнің алдында алып кет, оларға қиындық көрсетпе» – деп дұға ететін.
Ауырып қалған күндері, кешқұрым үйдің сыртына апарып, құбылаға қаратып ұшықтап, үйге әкеліп, жеті затпен жабатын. Не құдіреті бар екенін білмеймін сол күні көк терге түсіп, таңертең жүгіріп кететінбіз.
Немерелерін жинап, екі әжемді қасына алып асықпен «қан талапай» ойнағанды жақсы көруші еді.
Студент кезімде үй жалдап тұрғанда немеремнің қолында боламын деп қалаға келіп бізбен тұрған кездері болды. Жүннен қолғап, шұлық, шарф тоқып, каникулға келгенде беріп жібереді, пенсиясынан тығып бізге ақша береді.
Әжемнің пейілі дархан, жүрегі кең еді. Немерелерінің бәрін бауырына тартып, еркелетіп өсірді. Кейін мен үйленгенде келіні Гүлзияны ерекше жақсы көріп, «Менің Гүлзиямның тамағы дәмді, бүгінгі асқа бес қоямын!» – деп қалжыңдап отыратын.
Соңғы жылдары көзі мен құлағы нашарлағанмен, өз аяғымен жүріп, той-садақадан қалмайтын. Біз келген сайын маңдайымыздан сүйіп, көзіне жас алатын.
Әжемнің немере ағасы, ақын Сағындық Ниянқұлов «Ауылға хат» атты жыр жинағында ол туралы былай деп жазған:
Төсеніш көк майса ғой құрағы да,
Таныс маған өзен-көл, бұлағың да.
Кім білмес Қанафина Бәтиманы,
Ойнаған техниканың құлағында.
Мектеп кезінде қағаз жинау науқанында ата-әжелерімнің ескі кітаптарын өткізгеніме әлі күнге дейін өкінемін. Сол кітаптар – менің әдебиетке деген сүйіспеншілігімнің бастауы еді.
Сол себепті мен атамды – папа, әжемді – мама, ал өз әке-шешемді көке мен апа деп атайтынмын. Бұл – менің балалық дәуірімнің ең жылы, ең қымбат естелігі.
Бала арманы
Ішсем, жесем, ұйықтасам – тән құмары,
Білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен – жан құмары. Абай
Мен бала кезден кітапқұмар болып өстім. Әкем де, анам да кітап оқуды жақсы көретін. Кейде демалыс күндері әр бөлмеден кітап парақтаған үн естіліп, үйдің іші бір тыныштыққа бөленетін. Кей сәттерде бәріміз шай үстінде отырып, оқыған кітаптарымыздағы қызықты тұстарды талқылайтынбыз.
Бала күнгі әдетім – оқыған кітаптардан ұнаған қанатты сөздер мен әсерлі оқиғаларды арнайы дәптерге жазып отыру еді. Есте жақсы сақталуы үшін, реті келген жерде сол сөздерді өзгелерге айтып, қайталап жүретінмін. Қазір бұл әдетімнің заманауи түріне көшіп, жазбаларымды ұялы телефоныма сақтаймын. Бұл – өте ыңғайлы: кез келген ортада отырып, ойыңды нақтылап, әңгімені қызықты етіп өрбітуге көмектеседі.
Папам мен мамамның, сондай-ақ әжелерімнің қасында көп болғандықтан, ертегі, дастан, батырлар жырын ерте жастан құлағыма сіңіріп өстім. Мектептегі тәрбие сағаттарында сол жаттаған жырларымды сыныптастарыма айтып беретінмін.
Әкем менің есімімді өзі оқыған кітаптағы сүйікті кейіпкер – Нұржанның атымен байланыстырып қойғысы келген екен. Мен 1976 жылдың ақпан айының борандатқан таңында дүниеге келіппін. Сол жылы қыстың ызғары ерекше қатты болып, боран күн сайын басылар емес екен. Ауыл мен Байғанин ауданының орталығы – Қарауылкелді арасындағы жол жиі жабылатын. Әсіресе, ауданға жақындай бергенде қыратты жарып салынған «Таужарған» атты жол бөлігін қар басып қалатын.
Атам келінінің толғағы басталғанда боран күшейіп кетсе, перзентханаға жеткізе алмай қаламын ба деп қатты алаңдапты. Сөйтіп, анамды атшанамен Қарауылкелдіге жеткізген екен. Содан 10 ақпан таңында мен дүниеге келіппін. Таң қаларлығы – апталап соққан боран дәл сол күні басылып, күн ашылыпты. Мұны жақсылыққа жорыған атам:
«Тұңғыш немеремнің аты Нұржауған болсын, боранның ашылғанындай жолы ашық болсын», – деп ат қойыпты.
Әр баланың мектепте ерекше жақсы көретін пәндері болады ғой. Барлық пәнге бірдей қызығу сирек кездеседі. Менің де солай – 9-сыныпқа дейін көркем әдебиет пен физика пәндері ерекше ұнайтын. Көркем әдебиетке деген қызығушылығым – бала кезден құлағыма сіңген жыр-дастандардың әсері болса, физика пәнін сүюім – ұстазым Орынгүл апайдың еңбегі. Ол кісі әр сабағын тәжірибе түрінде өткізіп, бізді зерттеу мен ойлануға жетелейтін. Амперметр мен вольтметрді жалғап, ток көзін өлшеген сәттер маған үлкен қызық болатын. Апайдың жетекшілігімен аудандық физика олимпиадаларына да қатыстым.
9-сыныптан бастап тарихқа деген қызығушылығым арта түсті. Әсіресе туған жер тарихына, ауыл атауларының шығу төркініне, көне көз қариялардың естеліктеріне ден қойдым. Тарих пәнінің мұғалімі Сәуле апай кез келген тақырыпты ауыл шежіресімен ұштастырып, көнекөз қариялардан жазып алған әңгімелерін сабақта айтып беретін.
Сол кезде ауылда оқитын әр баланың жеті атасын жатқа білуі – қалыпты дәстүр еді. Мұғалімдеріміз бізге үнемі:
«Ата-әжелерің барда отбасы шежіресін, тарихын жазып алыңдар», – деп талап қоятын. Біз үлкендердің айтқандарын дәптерге түсіріп, өз ауылымыздың шағын тарихын жазып шығатынбыз.
Міне, осындай тәрбиенің арқасында менің туған жерге, оның өткеніне деген құрметім арта түсті. Теректі өңірінің қойнауы – тұнған тарих. Соның бір дәлелі – кейін дәл осы өңірден табылған Қазақстандағы сегізінші «Алтын адам».
2019 жылдың күзі. Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары Тасқопа І қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп, сармат дәуіріне тән алтын әшекейлі көсемнің қабірін табады. Институт директоры Бауыржан Байтанаев бұл жаңалықты:
«Бұл – тек Ақтөбе облысының ғана емес, бүкіл қазақ тарихының жаңа беті. Алтын қорамсақ пен әшекей бұйымдар біздің мәдениетіміздің байлығын дәлелдейді», – деп бағалаған еді.
Ал біз, ауыл балалары, сол төбенің үстінде талай қой бағып, ойнап жүргенімізді қайдан білейік? Кейін сол қасиетті жердің астында ұлт тарихының алтын парағы жатқанын естігенде бәріміз ерекше толқыдық.
Қазір біреу «Қай жақтансың?» десе, ауылдастарымның бәрі мақтанышпен: «Алтын адам табылған жерденмін!» – деп жауап береді.
2022 жылдың қарашасында мен «Алтын адам» қорымына барып, Құран бағыштадым. Балалық шағымның куәсі болған сол төбе енді мен үшін қасиетті мекенге айналды. Сол жердің әр уыс топырағы – ата-бабалар рухының ізі, ал менің өмірім – сол рухтың жалғасы секілді.
Бүгінде Тасқопа ауылының қақ ортасында көз тартарлық «Алтын адам» ескерткіші бой көтеріп тұр. Ал Ақтөбе қаласындағы облыстық өлкетану мұражайында осы тарихи олжаға арналған арнайы бұрыш бар.
Бала күнімізде қой соңында жүріп, ескі тұрақтардың орнынан талай көне бұйымдар тапқанымыз есімде. Қыс кетіп, көктем келсе, қар мен жаңбыр суы топырақты шайып, жер астындағы қола пышақтар, жез қасықтар, тостағандар мен ескі теңгелер жарқырап көрінетін. Сондай қазыналардың бірқатарын мен өзім де жинап жүретінмін.
Ауыл тарихы – терең де қызық дүние. Бірақ бұл тақырыпқа кірісіп кетсем, қайта шығу оңай болмас еді. Сондықтан егжей-тегжейіне тоқталмай-ақ қояйын. Бұл туралы арнайы отбасы шежіресіне арнап жазып жатқан кітабымнан кейінірек оқи жатарсыздар.
Сол кездегі мектеп пен ұстаздар еңбегінің арқасында қазіргі менің – Нұржауғанның – тұлғалық болмысым қалыптасты. Азамат болып өсуіме балалық шақтағы мектеп өмірі, отбасым мен ауыл ортасының тәрбиесі айрықша ықпал етті.
Бала кезден бойыма сіңген бір жақсы әдетім бар – қол жеткізген жетістіктерімді, марапат қағаздарымды жинап жүру. 9-сыныпқа дейін үздік оқушы болдым. Ал 10-сыныптан бастап, бәлкім жігіттік желік басым түскен шығар, геометрия мен химиядан «4» алып, «өте жақсы» деген мақтау қағазына ілінбей қалдым. Бірақ сол әдет менімен бірге қалды – әлі күнге дейін өзімнің де, балаларымның да жетістіктерін жинап, сақтап жүремін.
Қазіргінің тілімен айтқанда, бұл – өзін-өзі мотивациялау тәсілі. Адам өткеніне қарап, жетістіктерін саралап отырса, ол өзіне есеп беруге, жақсы әдеттерді қалыптастыруға, өмірін мақсатты бағытта өрбітуге жол ашады.
Бала кезде қызықпайтын нәрсе болмайды ғой. Бірде жақсы кино көрсең – соның кейіпкеріне еліктейсің, енді бірде жақсы кітап оқысаң – соның әлеміне еніп кетесің. Көп ұзамай сол қызығушылық басылып, екіншісіне ауысады. Спортқа, өнерге, суретке деген әуестік осылайша менің өміріме де еніп еді.
Мен бала күнімнен ойыннан гөрі жаңа нәрсе үйренуге, өзімді жетілдіруге құмар болдым. 6-сыныпта гитара тартуға қызығып, әке-шешеме қоймай гитара алдырдым. Көрші Ерғали ағай гитарада жақсы ойнайтын, ата-анам соған үйрет деп тапсырды. Күн сайын кешке гитарамды арқалап, сол үйге баратынмын. Ерғали аға бастапқыда бір-екі аккорд көрсетіп, кейін достарымен әңгімеге кірісіп кететін. Қараңғы түсе гитарамды қайтарып беріп, өз шаруасына кетеді. Қызығушылығым аз болды ма, әлде ұстазымның уақыты жетпеді ме, әйтеуір гитара тартуды үйрене алмай-ақ қойдым.
Сол жылдары ауылдағы балалар пошта арқылы магнитафонға тапсырыс беріп, жаңа үлгідегі құрылғылар ала бастады. Мен де ата-анамды қоймай жүріп, ақыры өз магнитафоныма қол жеткіздім. Содан бастап музыка әлеміне деген әуестігім арта түсті. Үйде телевизор алдынан шықпай, жақсы концерттерді кассетаға жазып алып, кешкісін далаға музыка қойып, ауланы сыпырып жүріп тыңдайтынбыз. Ол – біздің шағын мейрамымыздай болатын.
Бала кездегі тағы бір қызығушылығым – сурет салу еді. Үнемі сурет альбомдарын алып, інім Бекболат екеуміз сағаттап сурет салатынбыз. Әке-шешеміздің, ата-әжелеріміздің фотосуреттерін өзімізше салып көретінбіз. Інім суретті менен де жақсы салатын, әсіресе жылқының бейнесін айнытпай шығаратын. Мектептегі сызу мен еңбек сабақтарында түрлі бұйымдарды жасаудан еш қиындық көрмедім.
Кейін мектеп бітіріп, мұғалім болып істеген кезімде де барлық көрнекілік пен плакаттарды өз қолыммен салып алатынмын. Сол суретке деген әуестік, сірә, маған ғана емес, қыздарыма да жұққан болар. Кішкентайынан екеуі де сурет салудан жалықпайды.
Әсіресе екінші қызым Дильназдың талпынысы ерекше. Мектеп бітірер жылы кәсіби дизайн курстарына қатысып, өз бағытын тапты. Қазір сүйікті мамандығы – графикалық дизайн бойынша университетте грантпен оқып жүр. Күн сайын салып жүрген эскиздері мен жобаларына қарап, болашақта нағыз кәсіби маман боларына сенемін. Айтпақшы, осы кітаптың мұқабасының дизайнын да Дильназдың өзі жасап шықты.
Өзім де бала күнімде өлең жазуға талпынатынмын. Өкінішке қарай, сол кезеңдегі өлеңдерім сақталмапты. Ал студенттік және кейінгі жылдарда жазған бірнеше өлеңім күнделігімде бар. Солардың бірі – 1998 жылы жазылған «Көңіл сыры» атты өлеңім. Ол – сол уақыттағы жастық сезім мен өмірге деген көзқарасымның айғағы іспетті.
Бәрі неге ойлағандай болмайды,
Пенденің де көңілі ешқашан толмайды.
Арман-тілек бір арнаға толса да,
Бәрі бірдей орындала қоймайды.
Сонда да көңіл тыныш тауып тұрмайды,
Қанат қағып, биіктерге самғайды.
Ақыр демі біткен сәтте қайтадан,
Басталады бәз баяғы бас қайғы.
Біреу жанын ұғу қиын басқаға,
Жан жолдасың, сүйген жарың болса да.
Керек бірақ дем беретін адал дос,
Қайғы түсіп, жабырқаған адамға.
Өмір сүру әр адамның парызы,
Ана сүтін ақтау бала қарызы.
Дүниеге келгеннен соң адам боп,
Жазғырудың керегі жоқ тағдырды.
Біздің үйдің қасында машина-трактор шеберханасы болатын. Сол шеберхананың екінші қабатында бір уақыттары қазақша күрес, еркін күрес және самбо секциялары жұмыс істеді. Мен қазақша күреске қатысып, ауыл мен аудан көлеміндегі жарыстарда жүлделі орындар алған сәттерім есімде.
Өзім жататын бөлменің қабырғасына түрлі-түсті журналдардан қиып алған Чак Норрис, Арнольд Шварценеггер, Сильвестр Сталлоне мен Брюс Лидің суреттерін жапсырып қоятынмын. Олар менің бала армандарымның бейнесіндей еді.
Кейін студенттік жылдары 1–2 курста боксқа әуестеніп, Ақтөбе индустриялық-педагогикалық техникумындағы кикбокс үйірмесіне де қатысып жүрдім. Бірақ 90-жылдардың басы – қиын кезең. Ауылдан ақша да, тамақ та тұрақты келмейтін. Кейде жолақыға, ішер асқа да қаражат табылмай қалатын. Осындай қиындықтар спорттан қол үзуіме себеп болды.
Спорттың ішінде жеңіл атлетика, әсіресе қашықтыққа жүгіру мен биіктікке секіруді ерекше жақсы көретінмін. Ал мектептегі жетістіктерімнің бірі – дойбы ойынын жақсы меңгеру еді. Мектепішілік жарыстарда жиі І орын иеленетінмін.
Бала кезден бойыма біткен тағы бір қасиет – түс көру. Менің көрген түстерім өте айқын, тіпті кино көріп отырғандай әсер қалдырады. Күнделік жүргізуді ерте бастағандықтан, көрген түстерімді ұмытпай, оянған бойда жазып қоюды әдетке айналдырдым.
Көпшілік «түс – түлкінің боғы» деп мән бермей жатады. Бірақ мен кейіннен жазбаларыма қайта үңілгенде, сол түстерімнің кейбірі болашақ оқиғалармен сәйкес келетінін байқадым. Қазір түстерді талдап, өзімше жорамал жасаймын. Көбіне ішкі түйсік арқылы алда болатын нәрселерді сеземін.
Бұл жайлы атақты психолог әрі бизнес-тренер Джон Кехо еңбектерінде де айтылады. Ол бірнеше жыл бойы адамдардың түпкі санасын зерттеп, кейін «Подсознание может всё» атты кітабын жазған. Онда адам армандарын, мақсаттарын түпкі сана арқылы жүзеге асыра алатынын дәлелдейді. Яғни адам бір нәрсені күн сайын ойында қайталап жүрсе, түпкі сана оны жүзеге асыру жолдарын өзіне тартады екен. Мен өз түстерімді де осы теориямен байланыстырамын.
Жапондардың бір нақылы бар: «Әрекетсіз жоспар – арман, ал жоспарсыз әрекет – хаос». Мен бала кезден мақсаттарымды қағазға түсіріп, жоспар құрып жүруге дағдыландым. Студент кезімде достарым:
– «Адамның ойлағаны емес, Алланың қалағаны болады, алдымен оқу бітіріп алайық», – деп күлетін.
Әрине, бұл шындық. Бірақ римдік философ Сенеканың: «Кеме қай портқа баратынын білмесе, желі оңынан соқпайды» деген сөзі мен үшін өмірлік ұстанымға айналды. Мақсат айқын болса, оған жетудің жолы да табылады.
Біздің үй ауылдың шетінде орналасқан. Жақын маңда машина-трактор шеберханасы мен гараж бар. Совхоздың бүкіл техникасы сонда тұратын. Үлкен ауласы ауыл балаларының ойынына таптырмас алаң еді. Сол жерде біз «милиция мен шпион» ойынын жиі ойнайтынбыз. Мен әрдайым милиция болуды қалайтынмын.
Бала кезден әскери форма мен тәртіпке қызығушылығым ерекше болды. Кітапханадан детектив романдар алып, милициялардың қылмысты ашқан шытырман оқиғаларын түнімен көз ілмей оқитынмын. Әсіресе ағылшын жазушысы Агата Кристидің шығармалары мені баурап алатын. Ал орыс жазушыларынан Эдуард Топольдің «Русская дива» романы ерекше әсер қалдырды.
Мектепте сол жылдары орыс тілі мен әдебиетінен маман болмағандықтан, бұл пән мүлде өтпей қалды. Тіпті куәлігіміздің «орыс тілі мен әдебиеті» деген бағанында «оқылмаған» деп жазылған.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өз бетімше үйрене бастадым. Үйде екі томдық үлкен орысша-қазақша сөздік бар еді. Орыс тіліндегі кітаптарды оқығанда түсінбеген сөздерді үнемі сол сөздіктен қарап отыратынмын.
Кітапқа деген құштарлығым әлі күнге дейін сақталған. Достарым да мұны біліп, туған күніме көбіне кітап сыйлайды. Қазір үйімде шағын кітапхана жиналды. Кейде кітаптар бос жатпасын деп, әріптестеріме қызығушылығына қарай ұсынып отырамын.
Бұл қасиетім үлкен қызым Эльназға да берілген сияқты. Ол психологияға қызығады, екеуміз оқыған кітаптарымызды бірге талқылаймыз.
Детективтерге деген қызығушылығым болашақ мамандық таңдауыма да ықпал еткен сияқты. Жалпы, кітап оқығанда ой туады, сол ой жаңа ізденіске жетелейді. Ал әртүрлі тақырыптағы кітаптарды ретсіз оқи беру – тойда барлық тағамды араластырып жеп, асқазанды ауыртқанмен бірдей.
Бала кезде «Кім болғың келеді?» деген сұраққа мен әрдайым «милиция боламын» деп жауап беретінмін. Сол себепті заңгер мамандығына түскім келді. Ол уақытта Ақтөбеде жалғыз жоғары оқу орны – Құдайберген Жұбанов атындағы институт болатын. Алайда ол кезде заң факультеті жоқ еді. Кейін университет мәртебесін алып, жаңа мамандықтар ашылады деген әңгімелер тарады.
Сондықтан «тарих факультетіне түссең, кейін заңға ауысуға болады» дегенді естіп, тарих мамандығына дайындала бастадым.
Ата-анам ешқашан мамандық таңдауыма араласқан жоқ. «Қай бағытқа бейімің бар – соны таңда» дейтін. Бірақ 90-жылдары өмір қиындап, екеуі де жұмыссыз қалды. Сол қиын уақытта менің оқуымды тоқтатпай, бар мүмкіндігін маған салды. Қазір ойласам, олар өздерінің барлық «инвестициясын» маған құйған екен.
Бес баланың ішінен жоғары білім алған – менмін. Бір жазбамда бір нақыл сөзді белгілеп қойыппын: «Тұңғыш бала үйдің тірегі емес, өзінен кейінгілерге жол ашар көпір болуы керек».
Менің өмірлік ұстанымым да осы болды.
Қазір негізгі инвестицияны білімге салу керек деп есептеймін. Сол себепті балаларымның жан-жақты дамуы үшін ерте жастан ағылшын тілі мен түрлі үйірмелерге қатысуына жағдай жасадым. Нәтижесінде үлкен қызым Эльназ мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Еуразия ұлттық университетіне грантпен түсіп, ағылшын-қытай тілі мамандығын және магистратурада психолог мамандығын меңгерді. Екінші қызым Дильназ да грант иегері атанып, қазіргі таңда дизайнер мамандығын оқып жүр.
«Балалық шағымның сәттері» бөлімін қорытындылай келе, бала тәрбиесіне қатысты қоғам қайраткері, кәсіпкер әрі ойшыл Марғұлан Сейсембайдың тұжырымдарын атап өткім келеді. Оның өмір мен тәрбие туралы қарапайым, бірақ терең мәнге ие ойлары маған қатты әсер етеді. Осындай тұлғалардың қоғам ісіне араласып, ел дамуына үлес қосқаны жөн болар еді деп ойлаймын.
Ол өзіндік бала тәрбиесін былай деп тұжырымдайды:
6 жасқа дейін балаға балалықтың бақытты сәтін сезінуге мүмкіндік бер.
6-12 жас аралығында балаға «швед столын» жаю керек, яғни қалағанын алуға, таңдау жасауға мүмкіндік беру керек. Үш ай шахматқа, үш ай сурет үйірмесіне, үш ай тіл үйрену курсына, робототехникаға, гимнастикаға, биге және т.б. үйірмелерге беру керек. Ата-ананың міндеті – баланың қай салаға қызығушылығы бар екенін анықтау. Осы кезде баланың ішкі қабілеті мен қызығушылығы айқындалады.
12 жастан бастап баланың қабілеті жоғары 2-3 саланы таңдап, соны күшейтуге жұмыс жасау керек. Қабілетін арттыру үшін репетитор жалда.
18 жасқа жеткенде балаға өзінің жақсы көретін ісін табуға көмектесу керек. Егер бала өзі сүйіп жасайтын ісін тауып, соны оқып білсе, болашағына алаңдамауға болады.
Сүйіп жасайтын іс адамға мотивация береді, оны ынталандырып, алға сүйрейді. Марғұлан Сейсембайдың осы тұжырымдарын бала тәрбиесінің дайын құралы ретінде пайдалануға болады.
Осы тұрғыда бүгінгі күнге дейін жиған аз-кем тәжірибемнің арқасында менің де өзіндік өмірлік тұжырымдарым қалыптасты.
Бірінші: Ата-әже тәрбиесі – тәрбиенің тал бесігі. Ата-әженің тәрбиесін көрген баланың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет, мейірімділік, имандылық деген рухани тәрбиенің өзегі мәңгі ұялайды.
Осы тұрғыда Бауыржан Момышұлы былай деген: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дінді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ» – деген. Отбасы тәрбиесі, әсіресе ата-әже тәрбиесіне жетер ештеңе жоқ.
Екінші: Ерте жастан баланы еңбекке баулу. Қазір баланы ерке қылып ұстап, қиындық көрмей өмір сүруге тәрбиелеп жатырмыз. Қиындық көрмей өскен баланың болашақ өмірдегі алғашқы қадамдары қиын болады. Ата-ана өмір бойы бала жанында болмайды. Алдымен өз төсегі мен ішкен асын жинаудан бастатып, біртіндеп өмірінде қажет болатын істерге баули беру керек.
Бұрын біз мектепте оқығанда кезекшілікпен өзіміз оқыған кластың күнде еденін жуып, тақтасын тазартып кететін едік. Одан ешкім қор болған жоқ. Себебі, ертеңінде осы класта оқитын өзіміз. Қазір еден жумақ түгілі, баланың қолына телефоннан ауыр затты ұстатпайтын болды.
Үшінші: Білімге құйған қаржы – келешекке құйған инвестиция. Балаға қымбат телефон, әдемі киім емес, танымдық кітап алып беру керек, өзін дамытатын курстарға беру керек. Әрине, баласының болашағын ойлайтын ата-ана мұны жасайды, бірақ баланың еркелігіне салып айтқанын жасап та жатқандар баршылық.
Шығыс жекпе-жегінің шебері Брюс Ли: «Менде болмаған дүниені балам ұстасын деп, балаға дүние әперме. Мен білмегенді білсін деп білім бер. Дүние көшеді, білім қалады» – деген.
Төртінші: Мамандық таңдауына еркіндік беру. Кейде ата-аналар мамандықта ақшасы мен қызметін алдыға қоятын саланы таңдап жатады. Өзі сүйіп таңдамаған салада адам жетістікке жетпейді. Мәселен, жетістік тек жоғары білім алумен шектелмейді, сүйіп жасайтын кәсіппен келеді.
Бесінші: Баламен досыңдай сырлас! Күнделікті күйбең тірлікпен баланың ішкі дүниесінде не болып жатқанын аңғармаймыз. Ата-ана балаға қалағанын алып бердім, оқуына түсірдім, осымен менің міндетім аяқталды деп ойлайды.
Кейде баланың тығырыққа тіреліп, шығар жол таппаған кездері болады. Сол кезде сол жолды ең бірінші кім көрсетсе, оның өмірі сол бағытта өзгеруі мүмкін. Өмірде сан-салалы жолға түсіп кету қауіпі бар.
Алтыншы: Баланың ой-өрісін дамытуға күш салу. Мен балаларыма кішкентай кезінен күнделік жазуды үйреттім. Қайда жүрсем де, көзіме әдемі блакнот түссе, қыздарыма әкеліп беремін. Соған арман-тілектеріңді, есте қалған сәттеріңді жазып жүрің деп айтып отырамын.
Күнделік жазу баланың ішкі сырларымен бөлісуіне, жақсы сәттері мен ойларын жазуға дағдыландырады. Ойлау қабілетін қалыптастырады.
Кітап таңдауда көмек беру керек. Оқыған кітабын міндетті түрде бірге отырып талқылауды әдетке айналдырған жөн.
Сондай-ақ, баланың қонақ келгенде ортада болғаны жөн, танымы артады. Қазақ қоғамында баланы қонақ келсе бөлек бөлмеге тығады, қонақ кеткенше сол жерде отырады. Бала үйге келген адамдардың кім екенін біліп, олардың жақсы әңгімелерін естіп өсуі керек.
Мен қыздарымнан: «Менің қандай көмегім қажет? Түсінбей жүрген сұрақтарың бар ма?» деп сұрап отырамын. Әсіресе отбасымен дастархан басында жиналғанда әдейі бір тақырыпты қозғап, олардың ой-пікірлерін сұраймын. Балалардың ашыла бермейтіні рас. Баланың ішкі дүниесін ашу үшін отбасымен диалог құруды жиі жолға қою керек. Мен мұндай тәжірибе жасап көргенмін.
Жолдасым мен балаларымды жинап былай дедім: «Біз бір отбасымыз, біздің болашағымыз бәрімізге байланысты. Балалардың арман-тілектерінің орындалуы алғашқы кезде ата-анамен тікелей байланысты. Сондықтан мен біздің алдағы бес жылға мақсаттарымыздан жоспар құруды шештім.»
Ол үшін әрқайсың алдағы бес жылға мақсаттарыңды жазыңдар. Оны әр жылға бөліп, өздеріңнің түсінгенің бойынша шешу жолдары мен кедергілерді көрсетіңдер дедім.
Отбасының әрбір мүшесінің жазған мақсаттарынан ортақ отбасының алдағы бес жылдық жоспары шықты. Бастысы балалар жасырмастан өз ойларын ашық көрсетті.
Бұл ата-ана ретінде маған балаларымның болашағын айқындауға, мақсаттарына жол ашуға қандай әрекеттер жасау қажеттігін білуге мүмкіндік берді.
Осы тұрғыда бір басымнан өткен оқиға туралы жазып кетпекпін.
Бірде бір ортада таныс жігітпен кезігіп қалдым. Жасы менен кіші, жеке кәсіппен айналысады. Қасында 6 класта оқитын баласы бар екен. Аз-кем әңгімелесіп отырғаннан кейін баласын сөзге тарттым. Руын сұрап едім, жалпылама біледі, жеті атасын білмейтін болып шықты. Отбасында кіммен көбіне боласың десем, үнемі мамамның қасындамын деп жауап берді.
Қызығушылығын сұрап едім, футбол мен боксқа қызығады екен. Қай спорт түріне қатысасың десем, дзюдоға қатысамын, бірақ қызықтырмайды дейді. Онда неге қатысасың деп сұрасам, үйге жақын болғасын, папам қатыс деп, қатысып жүрмін дейді.
Көрдіңіз бе, балада таңдау жоқ, оның қызығушылығы туралы әкесі осы күнге дейін сұрамаған болып шықты. Мектептегі жақсы көретін пәндері, достары, атақты футболистер мен боксерлер туралы әңгімелесіп отырып, баланың әкесін ұмытып кетіппіз. Баланың қызығушылығы ашылып, менімен әңгімелесіп, сұрақ қойып, ойларын бөлісуге талпынып отырды.
Мұны көрген әкесі біраз ойланып қалды. «Сіздің сұраған нәрсеңіздің біреуін баладан осы уақытқа дейін сұрап көрмеппіз» дейді. Жеті атасы мен руы жөнінде баласының білмей қалғанына намыстанып, маған күліп: «Нәке, ұят болды, бір аптада балама үйретемін. Келісейікші, бір аптадан кейін тағы бір кездессек, балам көп нәрсе білетін болады. Уәде беремін» деді.
Қорыта айтқанда, баламен үнемі кері байланыс болуы керек. Дастархан басында, жол үстінде, демалыста, қандай мүмкіндік туса, балаға сұрақ қойып, қызығушылығын сұрап отыру керек. Әрине, баланың сұрағына лайықты жауаптар сізде дайын болуы тиіс.
Еңбек – өмір мектебі
Ауыл адамды тәрбиелейді, шыңдайды,
өмірге үйретеді. Ә.Бөкейханов
Менің бойымдағы жауапкершілік пен табандылық қасиеттері мектеп кезіндегі еңбекке ерте араласқан сәттерден бастау алды деп ойлаймын.
Сол бір жылдары совхоздағы тіршілік қайнап жататын. Еңбек етпеген адам жоқ. Көктем туысымен ауыл адамдары жер жыртып, егін егуге қамданады, бір бөлігі сақманға шығып шопандарға көмек береді, ал механизаторлар техникаларын жарақтандыруға кірісетін.
Мектептің жоғары сынып оқушылары жазғы үш ай каникулда совхоз жұмысына тартылатын. Мен де 9-сыныптан бастап сол қатарға қосылдым.
Әкем сол кезде совхоздың комбайн бригадасында жұмыс істейтін. Алғашында механизатор, кейін комбайнер болды, уақыт өте келе совхозды құрал-жабдықпен қамтамасыз ететін, машина-трактор гаражының меңгерушісіне дейін көтерілді.
Әкем кейде мені қасына ертіп алатын. Комбайн мен трактордың арасындағы тіршілік мені де қызықтыра бастады. Біртіндеп әкем техника жүргізудің қыр-сырын үйретті. К-700 тракторымен шөпті шөмеле етіп үю, комбайн, ЮМЗ және шынжырлы тракторларды жүргізу мен үшін ерекше мектеп болды.
Бала күнімдегі бір қызық оқиға әлі есімде. Ол кезде 6–7-сыныпта оқитынмын. Бір күні әкем ауылдан он екі шақырым жердегі фермаға жұмысшыларды жеткізу үшін ГАЗ көлігімен шықты да, мені қасына ертіп алды. Фермаға келген соң:– Сен машинада отыра тұр, мен тез ораламын, – деп ғимаратқа кіріп кетті.
Таңертеңнен түске дейін отыра бердім. Ішім пысып, қарным да аша бастады. “Әкем мені ұмытып кеткен шығар” деген ой келді. Жан-жағыма қарасам ешкім жоқ, ал кілт машинада қалған. Сол сәтте балалық әуестік жеңіп, көлікті от алдырып, бірінші жылдамдыққа қостым да ауыл жаққа бет алдым. Бірақ екінші, үшінші жылдамдыққа қосайын десем, тетікті басуға күшім жетпейді. Сөйтіп жай жылдамдықпен ферма аумағынан шыға бергенім сол еді, артымнан әкем машинамен қуып жетіп тоқтатты.
– Апатқа ұшырасаң қайтесің! – деп қатты ұрысты.
Бұл менің көлік тізгінін алғаш рет ұстаған күнім еді.
Совхозда жыл сайын 9–11-сынып оқушылары егін орағына қатысатын. Бұл міндет емес, өз еркіңмен істейтін жұмыс болатын. Бір жазда мен де әкеме айтып, қатысқым келетінін білдірдім. Ол қарсы болмады, қайта:
– Дұрыс шешім. Жаз бойы босқа жүрмей еңбек ет. Өз еңбегіңмен тапқан ақшаңа жаңа оқу жылына керек-жарағыңды аларсың, – деді.
Ол кезде еңбек етіп ақша табу туралы ой мүлде болмаған, мені қызықтырғаны – егіс басындағы жұмыс, комбайн жүргізу, жаңа адамдармен араласу еді.
Ауылдан жиырма шақты жасөспірімді іріктеп, комбайнерлерге көмекші етіп бөлді. Алдымен комбайнды жүргізу мен қауіпсіздік ережесін үйретті. Алғашқы күндері комбайнерлердің қасында отырып, олардың жұмысын бақылап үйрендік. Кейін өзімізге сенім білдіріп, комбайнды жүргізуді тапсырды.
Таңертең ерте тұрып, жұмысшылар жатағында таңғы асымызды ішеміз. Содан кейін ЗИЛ жүк көлігінің бортына мінген бізді егіс алқабына апарып тастайды. Кешке дейін жұмыс істейміз. Түскі асты алқапқа жеткізіп береді.
Кешкісін жұмыс аяқталған соң бәріміз жиналып әңгімелесеміз, қалжың айтамыз. Комбайнерлердің көбі 20–30 жастағы жігіттер еді. Олардың әзілі мен өмір жайлы әңгімелерін қызыға тыңдайтынбыз.
Бір қызығы, олар бізге жарыс жариялайтын: «Кім көп астық орып, тапсырса, сол үздік болады», – дейтін. Сол сәтте бәріміз бар күшімізді салып, комбайнды тоқтатпай жүргіземіз. Бункер астыққа толғанда қызыл туды қадап, белгі береміз. Астық тасушы көлік келіп, астықты төгіп алып кетеді де, біз қайта іске кірісеміз.
Кешқұрым жұмыс аяқталғанда, алқаптың бір шетінен екінші шетіне дейін комбайнмен жарысатынбыз. Ол бізге үлкен мереке секілді сезілетін.
Үш айдың ішінде көп нәрсені үйрендім. Алдымен отбасыңнан жырақта өз бетіңмен өмір сүруді меңгересің. Бұрын мүлде көрмеген іспен айналысып, техника жүргізуді, оны жөндеуді, еңбек тәртібін сақтауды үйренесің. Күннің ыстығында таңнан кешке дейін комбайн кабинасында тапжылмай отыру, өз нормаңды орындауға тырысу – адамның төзімі мен табандылығын шыңдайтын мектеп. Ұжыммен жұмыс істеу арқылы көпшілікпен тіл табысуды, ортаға бейімделуді де үйренесің.
Осылай үш жыл қатарынан жазғы каникул кезінде совхоздың егін орағына қатыстым. 10-сыныпта өз алдыма жаңа комбайн берді. Бұзылса өзім жөндеп, өзім жүргізетінмін.
Қыркүйекте жаңа оқу жылы басталғанда салтанатты жиында бізге «еңбектегі жетістігі үшін» деген арнайы грамоталар табыс етілетін. Сонымен қатар, еңбекақымыз да төленді. Оны әке-шешем алып жатқан болар, мен ол жағына көңіл бөлмедім. Мен үшін ең бастысы – еңбекпен шыңдалған тәжірибе мен өмір сабағы еді.
Мақсат жолында
Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқан
кезде ғана жетістікке жетеді. Дейл Карнеги
Ибн Сина: «Ауырған адамның бір ғана арманы бар – тезірек сауығу. Ал дені сау адамның мыңдаған арманы бар, оған бақытқа жету үшін көп нәрсе керек», – деген екен. Сол мың арманның бірі – мамандық алып, жоғары білімге қол жеткізу еді.
1993 жылы мен Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне құжат тапсырдым. Бұл – Ақтөбе облысы жастарының арманы болған, оқытушылар құрамы мықты беделді оқу орны еді.
Оқу орнының тарихы 1934 жылы ашылған екі жылдық Ақтөбе мұғалімдер институтынан бастау алады. 1945 жылы оған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жерлес ақын Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілген. Кейін бірқатар құрылымдық өзгерістерді бастан өткеріп, 1990 жылы институтқа қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, көрнекті ғалым Құдайберген Жұбановтың есімі берілді. Ал 1996 жылы оқу орны университет мәртебесін иеленді.
1993 жылы тарих факультетіне түсуге ниет білдіргендердің қатары көп болды. Іріктеу абитуриенттердің жинаған балына қарай жүргізілді. Мен емтиханнан сәтті өттім, бірақ қабылданатын 20 студенттің қатарына ілінбей қалдым. Мен сияқты емтиханды тапсырғанымен, негізгі тізімге енбей қалған 15 шақты талапкер болды. Бізге сырттай оқу немесе дайындық курсына түсу ұсынылды. Мен дайындық курсын таңдадым – ауылға «оқуға түсе алмадым» деп қайтқым келмеді.
Дайындық курсы күндізгі бөлім студенттері сияқты толық оқу кестесімен жүргізілді. Егер 1-курс студенттері арасынан біреу оқудан шығып қалса, олардың орнына дайындық курсындағы үздік тыңдаушылар қабылдануы мүмкін еді. Сонымен қатар келесі жылы қайта тапсырғанда осы курстың нәтижесі ескерілетін.
Курс тыңдаушыларына жатақханадан орын берілетін болды. Мен туыстардың үйінде тұрғым келмей, жатақханаға жазылдым. Бірақ медициналық тексеруден өткенде дәрігер өкпемнен дақ тауып, «емделу керек» деп оқуға жібермеді. Осылайша үш ай ем қабылдауыма тура келді.
Оқуға кетпей тұрып, әке-шешеме көмектесейін деп үйдің сыртын цементпен сылауға кіріскенмін. Күздің салқын уақыты еді. Мұздай сумен цемент илеу, дамылсыз жұмыс, үстіне суық суға шомылу – бәрі қосылып, салқын тигізіп алған болуым керек. Емделген соң институттан құжаттарымды алып, келесі жылы қайта тапсыруға бекіндім.
Бос жүрмес үшін ауылдағы машина-трактор шеберханасына жұмысқа орналастым. Ондағы механиктер бұзылған техникаларды жөндейтін, мен солардың көмекшісі болдым. Қолға түскен бұрандаларды бекіту, бензин мен солярка тасу, мотордың бөлшектерін бензинмен жуу – бәрі менің мойнымда еді. Осылай бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты.
1994 жылы қайтадан құжат тапсырып, өзімнен бір жыл кіші түлектермен бірге тарих факультетіне оқуға түстім.
Оқу жылы басталғанға дейін студенттер бригадасымен Пригородный кеңшарына барып, картоп теруге қатыстым. Өткен жылы қалада емделіп, туыстардың үйінде тұрғаным бар еді, сондықтан қала өмірі мен үшін таңсық болмады, бейімделу де қиынға түспеді. Сол жылы өзімнен бір жас кіші қарындасым Нұргүл медицина колледжіне оқуға түсті.
1996 жылы институт университет мәртебесін алған кезде қатты қуандым – «енді заң факультеті ашылады» деген үміт болды. Алайда біз оқу бітіргенше ол жоспар іске аспады. 1998 жылы университетті тәмамдап, тарих пәні мұғалімі мамандығын алып шықтым.
Күнделігімді парақтасам, сол жылдары жиі жазған жазбаларымның ішінде «заңгер болам» деген арманым көзіме оттай басылады. Сол мақсат жетегінде мен курстастарым Айдос пен Жәнібекпен бірге Ақтөбедегі Орта Азиялық университеттің заң факультетіне құжат тапсырдық. Үшеуіміз де сот-прокурор бөлімшесіне сырттай оқуға қабылдандық. Мақсатқа бір табан жақындағандай күй кештім.
Бірақ әрқайсымыз өз кезегімізбен облыстың әр ауданындағы мектептерге үш жылдық мұғалімдік жолдамамен жіберілдік. Маған Темір ауданының Алтықарасу орта мектебінен орын тиді.
Алтықарасу ауылдық округіне үш елді мекен – Алтықарасу, Еңбекші және Сарытоғай ауылдары кіреді. Орталық – Алтықарасу ауылы, онда 700-ден астам адам тұрады. Бұрын шаруашылығы өркендеген, гүрілдеп тұрған совхоз еді. Кеңес дәуірі аяқталған соң шаруашылық күйзеліске ұшырағанмен, аудан орталығына жақын орналасқаны себепті әлеуеті жоғары болатын.
Ауылда 300 орындық мектеп, үлкен мәдениет үйі, амбулатория мен кітапхана бар. Ал жастардың бас қосатын орталығы жоқтың қасы еді.
Бұл ауыл өзімнің туған жеріме жақын, әрі мұнда әкемнің әпкесі тұратын. Әкем де кезінде осы ауылдың интернатында жатып оқыған екен. Сондықтан да жолдамам Алтықарасуға түскеніне қуандым. Апа-жездемнің үйінде тұрып, мұғалімдік қызметімді бастадым.
1999 жылы отбасын құрдым. Мектепте тарих пәнінен екі ғана мұғалім болғандықтан, толық жүктемемен жұмыс істедім. Сонымен қатар сынып жетекшілігін де атқардым. Алған жалақым тәжірибелі мұғалімдерден кем болмады. Сол еңбекақымның бір бөлігін үнемі ата-анама жіберіп отырдым.
Алтықарасуда алғашында біреудің жертөле үйінде пәтер жалдап тұрдық. Кейін мектептегі Асан есімді әріптесімнің бос үйіне көштік. Жас отбасы болғасын бәрі қызық әрі қиын еді. Асан – спортшы, балықшы, әзілқой, кең пейілді адам. Бізге бауырмалдық танытып, көп көмектесті. Онымен және замандасым Серікпен отбасымызбен араласып тұрдық.
Жолдасым Гүлзия – Атырау қаласының қызы. Ауыл тұрмысына үйрену оған алғашында оңай болған жоқ. Пеш жағу, от жағу – өз алдына бір сынақ еді. Кейде пеш тартпай, үйдің іші көк түтін болып кететін. Есікті ашып, қақаған аязда далаға шығып кететінбіз.
Сол кезде тұрмысымыз біршама түзеліп алғанша, сырттай оқуды уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдадым. Университет әкімшілігі түсіністік танытып, алдын ала оқу ақшасының бір бөлігін төлегендіктен, қалаған уақытта жалғастыруға мүмкіндік берді.
«Қалай да заңгер мамандығын алам» деген мақсатым мені алға жетелеп отырды.
Осы жылдары жазған күнделігімде өмірден түйген ойлар мен сабақтарым көп екен. Соның бірі былай деп басталады…
Өмір дегенің күрделі екен. Ол оқып алатын кітап емес не үйреніп алатын ойын емес. Қателесіп, қайта бұзып, қайта құрастырылатын құрылыс та емес.
Өмірде кейде бір қиындыққа тап болып, есік жоқтай көрінген сәттер болады. Бірақ дәл сол кезде бір емес, бірнеше жерден есік айқара ашылып, өзінен-өзі шешілетін жолдар табылатыны бар. Мен осыны көптен бері түсініп келе жатырмын: әр қиындықтың артында бір жақсылық жасырылған.
Өмір бүгінмен бітпейді, ертеңмен аяқталмайды. Сондықтан оның берген сыйы мен сынын қабылдап, болашаққа сеніммен қадам басу керек. Өмірдің сыйы – табанды еңбекпен келеді. Ал еңбек жемісі – жалқауға емес, тырбынып әрекет еткен еңбекқорға бұйырады. Әрекет еткен адам қиындықтан жол табады. Кедір-бұдыр жол – сол жолды жеңу үшін берілген сынақ, ал сыннан өткен адам лайықты сыйға ие болады.
Сый – берекелі еңбек пен қайрат-жігердің, адамшылық пен батыл әрекеттің жемісі.
Өмір – үлкен спринт сияқты. Күшіңді бағалап, дұрыс басқанда міндетті түрде мәреге бірінші жетесің.
Мақтағанға да, доспын дегенге де бәріне сенбеу керек. Ең бастысы – ішкі сырыңды ашпай сақтау абзал.
Өмірдің сара жолы әртүрлі, ақ пен қара қатар жүретінін түсіндім.
Өмір сондай қысқа. Неге адам өткен өмірін лайықты бағаламайды екен? Егер осы уақытқа дейінгі кей сәттерімді қайта өткізуге мүмкіндік болса, мүлдем басқаша өмір сүрер едім.
Кейбір босқа өткен жылдарға өкініш бар. Сол жылдары өзіме де, өзгеге де пайдалы істер істей алар едім.
Денсаулықтың қадірін түсінетін кезең – дәл осы кезең екен. 37 жасқа толғаннан кейін өмірдің жаңа сатысына өтіп, өткенді саралап, салмақтап, таразыға салдым.
Өмірде адамның қолынан келмейтін ештеңе жоқ. Барлық істі барынша беріле, ынта-жігермен жасасаң, ерінбей, қажымай күш салсаң, ақыр соңында нәтиже көрінеді.
Жетістікке жеткен сайын алдыға жаңа мақсаттар қойып, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылу керек.
Болашақ өміріме бағыт-бағдар жасап, күнделікті әрекеттерімді қайта қарап, түзетулер енгізіп жүрмін. Әр жаңа белес, жаңа асу – жаңа талаптар жүктейді.
Заман – ала құйын секілді. Ол үйіріп, ұшырып, орнынан қозғалмас зіл батпандарды да төңкеріп жатады.
Арман қағазға түскенде ғана мақсатқа айналады. Мақсатты қадамдарға бөлгенде, жол ашылады. Жолға түсіп, әрекет еткенде армандар орындала бастайды.
Қателік жасау – заңдылық. Бірақ оны жиі қайталау – өзіңе жасаған озбырлық. Дегенмен, әрбір қателік үлкен тәжірибе әкелетінін түсіндім.
Жастық – жанып тұрған от сияқты. Жалынның қызуы күшті болмаса да, алыстан жарқырап көрінеді. Жалынын үрлеп тұрсаң, лапылдап тұрады.
Жақсылық пен жамандық қатар кезіккенде, он жақсылықты бір жамандық басып кете ме деп ойлайсың.
Жүректе тыныштық болса, сол адам бақытты.
Қазақстанда табылған 8-ші «Алтын адам» Тасқопа ауылындағы ескерткіш
«Алтын адам» табылған Тасқопа І қорымы
2-бөлім. Еңбек жолында
Жезде мен апа шаңырағында
Адамның жақыны – туысқаны.
Ш.Құдайбердіұлы
1990-шы жылдардың басы – Кеңес Одағы құлап, Қазақстан егемендігін жариялаған кезең еді. Барлық жерде жаппай жұмыссыздық орын алды. Совхоздар ыдырап, кооперативтерге, жеке шаруашылықтарға бөлінді. Ауылдарда жарық уақыты шектеулі болды. Қиын-қыстау кезеңдер өтті, ауылда жалғыз мектептен басқа жұмыс табу мүмкін емес еді.
Осындай күрделі кезеңде мен бір жылдай Ерсайын жездем мен Ақжанай апамның үйінде тұрдым. Бұл жыл мен үшін үлкен тәжірибе жинаған, өмірлік сабақ алған уақыт болды.
Ерсайын – әжем Бәтиманың жалғыз қызы Ақжанайдың жолдасы. Менің ата-әжемде он бір бала болған, олардың тоғызы жастайынан көз жұмған. Қалған екі бала – Ақжанай апам мен менің әкем еді. Әкемнің атын апасына серік болсын деп Серікқали қойған, бірақ бәрі оны Серік деп атап кеткен.
Жездемнің мінезі қатты, бос сөзге төзе алмайтын, өсек-аяңды жек көретін адам еді. Бір ауыз сөз сөйлейді, ішімдік ішкен адамға жаны қас болатын. Ол – қолөнер шебері, үйінің жанында шағын шеберханасы болды. Сол жерде түрлі бесік, сандық, чеканкаға салынған суреттер, қобдишалар жасап шығаратын. Балалары да аталарының өнеріне бой ұрған, бәрі сурет салуға машықтанған. Қазір оның екі қызы сурет мамандығын меңгеріп, мұғалім болып еңбек етіп жатыр.
Жездем үйін де, қора-жайын да ұқыпты ұстайтын, әр нәрсенің өз орнында тұрғанын қалайды, тазалықты жақсы көретін адам еді. Жаздың ыстық күндерінде балаларын бос отырғызбайтын, міндетті түрде бір шаруамен айналыстырады. Інілері мен балаларын жинап, жаз бойы бау-бақша егіп, шыққан қауын-қарбыз, көкөністерін көрші ауылдарға сататын. Той, садақа сияқты жиындарға бармайтын.
1998-2000 жылдары ауылдың жағдайы онша жақсы болмады. Әркім өз тіршілігімен күн көріп жатты. Сол кезде жездем қыстың күндері Ойыл өзені жағасындағы қураған ағаштарды кесіп, шанамен таситын. Оны балталап, отын жасайтын. Оның моншасы ауылдағы үш моншаның бірегейі болатын. Моншаға түсу үшін ауылдың дөкейлері кезекке тұратын. Жездем моншаға мені жиі алып барып, пардаға отырып әңгіме айтқанды ұнататын.
Ыстыққа өте төзімді, пардада жиі 20-30 минуттай отырып демалатын. Ал мен сол аралықта 3-4 рет сыртқа шығып келетінмін. Пардадан шыққанда ыстық шайын ішіп отырып маған:
– Сен оқыған баласың, көзің ашық, елде болып жатқан жағдайларға көзқарасыңды айт, – дейтін.
Ауылдың шалдары жиналған жерде саясат соғып, Президентті жамандап жатса, жездем ашуланып: – Өзіңнің үш балаңа әлің келмей отырсың, тұтастай бір елді басқарып отырған адамда не шаруаң бар? Оттамай отыр, – деп орынды сөз айтатын.
Балаларына қатал болды, ұл-қыздарының тойларын сол кезде-ақ ішімдіксіз өткізді. Балаларына үнемі:
– Ішкен-жегендеріңді ақтап, адал еңбек етіңдер. Еңбекпен киімдеріңе, керек-жарақтарыңа ақша табыңдар, – деп айтудан жалықпайтын.
Маған ұнаған тағы бір қасиеті – ауылдағы жастардың бос жүріске әуестеніп бара жатқанына алаңдап, мәдениет үйінде «Поле чудес» бағдарламасын ұйымдастырғаны. Әр аптаның сенбісінде тұрғындарды жинап, сол бағдарламаны жүргізетін. Сол кездегі әйгілі тележүргізуші Якубовичке теңеп, ауыл адамдары оны өздерінің «Якубовичі» деп атайтын.
Жездем тек бағдарламаны жүргізіп қана қоймай, өзінің қолынан шыққан бұйымдарын да сол жерде сыйлыққа қоятын. Себебі апта сайын шеберханадан шықпайтынының себебі – бағдарламаға сыйлықтар жасау екен.
Қазір Ерсайын жездем Ақтөбе қаласында тұрады. Мен достарыма жездем туралы айтқанда, оның қатты мінезіне қарап әзілдеп:
– Қазақтың немісі ғой, – деп, «Сталин» деп қалжыңдайтынмын.
Өте еңбекқор, идеясы мол адам еді. Бірақ інісі мен балалары оның тәжірибесін дұрыс пайдаланбады деп ойлаймын. Әйтпесе, бүгінгі күні мықты кәсіпті жүргізіп отырған отбасы болар еді.
Қалаға келгенде де балаларын бос отырғызбай, еңбекке баулып өсті. Қазір әр баласы өз алдына тұрмыстарын түзеп, Ақтөбе қаласында тұрып жатыр.
Қалада тұрғанда жұмысбастылық салдарынан жиі барып тұруға мүмкіндік болмайды. Наурызда көрісуге барғанымда қалжыңдап:
– Енді келесі Наурызда келесің бе? – дейді.
Үйіне барғанда елдегі жағдайларды қозғап, әңгімеге тартып, менің көбірек болғанымды жақсы көреді.
Ақжанай апам болса жездемнің мінезіне қарама-қарсы, жұмсақ, сабырлы, жаны жайсаң кісі. Жездемнің мінезіне әбден көнген, балаларын қорғаштап отыратын. Үй шаруасына мығым, көкөністен түрлі салаттар жасап, қыстық азығын мол етіп дайындап қоятын.
Алғашқы жетістік
Өзіңізге сеніңіз, бұл жетістікке
жетудің кілті. О.Уинфри
Алтықарасу ауылында үш жыл тұрдық. Бұл менің алғашқы еңбек жолым да, алғашқы отбасылық өмірім де қызықты өтті. Мектеп ұжымы ұйымшыл, жаңашылдыққа құштар еді. Мектептегі өмір де тартымды болды, бірақ мен іштей болашақта мұғалім болып жұмыс істейм деп ойламаппын.
2001 жылы мектептің атынан ауданда өткен «Жыл мұғалімі» байқауына қатыстым. Сол кезде мен жаңашыл мұғалім ретінде педагогика саласындағы жаңа әдістерді сабақтарыма енгізіп жүргенмін. Мектептің қоғамдық жұмысына да Гүлзия екеуіміз шеберлікпен араластық. Мәдениет үйінде мектеп атынан ұйымдастырылатын сахналық көріністерге де белсенді түрде қатысып жүрдік.
Оны көріп, мектеп директоры Мақсот Әлішев маған байқауға қатысуды тапсырды. Мен жас мұғалім болғандықтан, үлкен тәжірибесі бар мұғалімдер қатысса ғой деп ойладым, бірақ директор көнбеді. «Біздің мектеп аудан деңгейінде ешқашан бірде-бір орын алған емес. Алғашқы үш орынның біреуін алсаң, категорияңды бірден 8-ден 12-ге көтеремін» деді. 8-ші категория – жаңадан жұмысқа қабылданған мұғалімдерге берілетін ең төменгі дәрежесі, ол әр үш жыл сайын сатылап көтеріледі. Ал егер ерекше жетістік көрсетсең, аудандық, облыстық байқаулардан жүлделі орын алсаң, бірден 12-ші категория алуға мүмкіндік бар еді. Сондай-ақ, жалақыға да үстемақы қосылады.
Мен келісім беріп, дайындыққа кірістім. Мектеп директоры бұл шараға үлкен мән берді. Еңбек пен сурет пәні мұғалімдеріне тапсырма беріп, маған қажетті көрнекіліктерді жасатты. «Сенің қолыңнан келеді, сен орын аласың, мен сезіп тұрмын» деп жігер берді.
Алланың қалауымен аудандық «Жыл мұғалімі» байқауында І орын алдым. Бас жүлдені аудан орталығындағы гимназияның мұғалімі жеңіп алды. Мен 2-ші немесе 3-ші орын алсам да шүкір дейтінмін, себебі тәжірибесі мол аудан орталығы мен Кеңқияқ өңірінің үздік мектептерінің мұғалімдері қатысқан еді.
Аудандық «Жыл мұғалімі», «Жыл класс жетекшісі» байқауларына аудан әкімінің осы салаға жауапты орынбасары мен аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қатысатын. Сол кезде бұл үрдіс жақсы сақталып, кадр дайындауда қателіктер болмайтын.
Аудан әкімінің сол кездегі әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары Өтепов Нұрмұқан Исаұлы барлық ірі шараларға қатысып, дайындық жұмыстарын мұқият қадағалайтын. Оның мәнісі – әр шарада көзге түскен мамандарды түртіп алып, кадр резервін жасақтау еді.
Сол байқауда Нұрмұқан Исаұлы мен білім бөлімінің меңгерушісі Дулатбай Гүлжан Тәуірбайқызы қатысты. Маған І орын грамотасын тапсырып, «Жақсы нәтиже көрсеттің, осы жолдан тайма» деп жігер берді.
Мектеп директорының қуанышы шексіз болды. Ол бұл менің мектептегі алғашқы үлкен жетістігім екенін айтып, уәдесіне сай категориямды 12-ге көтеріп, жалақымды өсірді.
Осыдан кейін дикциям жақсы деп, бірнеше рет аудандық шараларды жүргізуге шақырды.
Бір күні мектеп директоры өзі шақырып, кабинетіне кірдім. Мақсот – 40 жасқа таяған, ұзын бойлы, мұртты сары жігіт, осы мектепке 34 жасында директор болып бекіген екен.
Орындыққа жайғасып, мұртын сипалап күліп:
– Ауданнан бастығым хабарласты, сені сұрап жатыр, – деді.
Мен:
– Ауданның білім бөлім басшысы не үшін шақырды екен? – дедім.
Директор:
– Маған айтпады, көлігіңді ұйымдастырып, бүгін жеткіз деді.
Сондықтан тездетіп жинал, – деді.
Директордың неге мені ауданға шақырып жатқанын түсінген едім. Сол байқаудан кейін аудандық шараларға жиі шақырды. Бірақ мені жұмысқа шақырады деп ойламаппын. Іштей облыстық шараларға қатысуға ұсыныс жасамақ болар деп болжадым.
Аудан орталығы Шұбарқұдық кенті Алтықарасу ауылынан 50 шақырым жерде, бір сағатта жетеді.
Шұбарқұдық – қала үлгісіндегі кент, Темір ауданының орталығы. Қасындағы екі елді мекенмен қосқанда 16 мыңдай тұрғыны бар. Жерінің әркелкілігі мен жер асты суының әртүрлілігіне байланысты «Шұбар» яғни «ала», «әркелкі» деген мағынада аталған деген ақпарат бар.
Негізгі тұрғындары – теміржолшылар, кентте алты үлкен мектеп, оқушылар үйі, мәдениет үйі, орталық кітапхана, мұражай, бірнеше балабақша мен түрлі теміржол мекемелері, кәсіпорындар бар.
Директордың көлігімен бір сағатта аудан орталығына жеттік. Аудандық білім бөлімі меңгерушісі жас мұғалім үшін үлкен тұлға болатын.
Гүлжан Тәуірбайқызы көп жыл педагогика саласында еңбек етіп, мұғалімнен сатылап мектеп директорына дейін көтерілген, алты жылға жуық білім бөлімін басқарып келе жатқан тәжірибелі басшы.
Кабинетіне кіріп, отбасы жағдайымды, жұмысымды сұрап:
– Үш жыл мұғалім болып жұмыс істеген екенсің, енді аудан орталығында тәжірибе жинағаның жөн. Жұмысыңды көріп, одан әрі өзіңді көрсетуге мүмкіндік беремін. Білім бөлімінде әдіскер болып жұмыс істейсің, – деді.
Мен не айтарымды білмей, мектеп директоры не дер екен деп ойладым. Апай күліп, мектеп директорына өзім ескертемін деді.
Содан кабинетіне кадр маманы Зоя деген қызметкерді шақырып, құжаттарымды дайындауды тапсырды. Мен ауылға барып, отбасыма айтып, Шұбарқұдықтан үй қарап алуға уақыт беретін шығар деп ойладым.
Ал Гүлжан Тәуірбайқызы болса:
– Қазір жұмысқа кіріс, маман аз, жұмыс көп, іске сәт, – деп сөзімді бөліп тастады.
Мен үй мәселесін шешуге уақыт сұрамақ болдым, бірақ:
– Алда екі күн демалыс бар, сол кезде шешіп аласың. Жассың, бәрі дұрыс болады. Біздің қызметкерлер де көмектеседі, – деді.
Аяқ астынан аудандық білім бөлімінің әдіскері болып шыға келдім. Жолдасым жағдайды білмейді, орталықта тұратын үй жоқ, қалай болар екен деп уайымдадым.
Мектеп директорына телефон соғып, жағдайды айттым. Ол:
– Иә, білемін, бастығым хабарласты. Жаңалығың құтты болсын, – деді.
Менің тек бір талабым бар: жолдасың мектепте оқу жылы аяқталғанша жұмыс істесін деді. Себебі мектепте Гүлзия жалғыз информатика пәнінің мұғалімі еді. Бұған дейін маман болмай, бір жыл бойы компьютерлер жұмыс істемей тұрған.
– Саған ақ жол тілеймін, мүмкін бұл да дұрыс болар. Мұғалімдік аз-кем тәжірибе жинадың, енді аудан орталығында жасағаның жөн болар, – деді. Бір жағынан:
– Бізге де жақсы, өз мектебіңді қарап қоясың ғой, – деп қалжыңдады.
Гүлзияға хабарласып, мән-жайды айттым. Ол ауылда жалғыз қалай қаламын деп уайымдады. Аптасына сенбі-жексенбі барып тұрамын, әзірше жездемнің үйінде тұра тұрасың деп көндірдім.
Бұл 2001 жылдың сәуір айы еді, мен жаңа жұмысқа бір айдай жұмыс жасауға тиіс болдым.
Шұбарқұдықта үй жалдап біраз шапқыладық. Ақыры мамыр айының соңында бір кісінің ауласындағы шағын үйге уақытша қоныстандық. Бір-екі аптадан кейін басқа үй тауып, аудан орталығына түбегейлі тұрақтадық. Гүлзия Шұбарқұдық гимназиясына мұғалім болып орналасты. Аудан орталығындағы жұмыс қызып тұр.
Жұмысқа кірісе салысымен, қасымдағы инспектор әріптесім декреттік демалысқа шықты. Енді маған әдіскерлікпен қатар инспекторлық міндет те жүктелді. Мектептерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізіп, әдістемелік көмек көрсеттім. Облыстық деңгейдегі іс-шараларға қатысып, тәжірибемді арттыра бастадым.
Аудан орталығында өтетін шаралардың көбінде Нәбира апай екеуміз жүргізуші болдық. Уақыт өте келе ауданның бөлім басшыларымен де байланыс орната бастадым. Білім бөліміндегі жұмыс мен үшін үлкен мектеп, тәжірибе жинау алаңы болды.
Басында жас маман ретінде тәжірибелі мұғалімдерге әдістемелік кеңес беру маған ыңғайсыз көрінді. Себебі аудан орталығындағы мектептерде Темірхан, Тасқынбай, Ерлан, Төлеген сияқты беделді, орта жастан асқан тәжірибелі басшылар бар еді. Солардың алдында өзімді сенімсіз сезінетінмін. Бірақ уақыт өте келе түсіндім – бастысы жастық емес, ізденіс пен дайындық екен. Мектепке бармас бұрын сол ұжымның ахуалын, жетістігі мен кемшілігін терең зерттеп, нақты талдау жасап алуды әдетке айналдырдым.
Күнделіктерімнің бірінде былай деп жазыппын:
«Жастық – жанып тұрған от. Жалынының қызуы күшті болмаса да, алыстан жарқырап көрінеді. Ал оны үрлей түссең, лапылдап жанады».
Сол жастықтың ыстық отымен тынбай еңбек еткен еңбектің жемісін кейін көрдім.
Бір күні мәдениет бөлімінің меңгерушісі Болат Шайымов есімді жігіт:
– Бүгін аудан әкімінің орынбасарына барамыз, – деді.
Не үшін деп сұрасам:
– Өзім де білмеймін, сені бірге ертіп кел деді, – деп күлді.
Жұмыс аяғына қарай аудан әкімінің орынбасары Нұрмұқан Исаұлының кабинетіне кірдік. Бұл 2003 жылдың көктемі болатын. Бұған дейін әкімдікке бір-екі рет қағаз әкеліп қана кіргенім бар, ал ресми қабылдауына бірінші рет келуім еді.
Кабинетке кіргенімде Нұрмұқан Исаұлы орнынан тұрып, жылы шыраймен қолын ұсынып қарсы алды. Орта бойлы, қараторы, сабырлы да салмақты кісі екен. Сол кезде ол 53 жаста болатын. Әзіл-қалжыңды орнымен айтып, мәселені астарлап жеткізе білетін, аудан жұрты ерекше сыйлайтын тұлға еді.
Ол Шұбарқұдықта туған, осында оқып, еңбек жолын теміржолдың локомотив депосында слесарь болып бастаған. Кейін Оралдағы А.С.Пушкин атындағы институттың тарих-филология факультетін үздік тәмамдаған. Сөзге шешен, ойы жүйелі, сөйлегенде ұлы тұлғалардың даналық сөздерін мысалға келтіріп, тыңдаушысын бірден баурап алатын. Мен сырттай үлгі тұтатын бұл кісінің алдында өзімді еріксіз жинақы ұстадым.
Кейін білдім – Нұрекең менің туған ауылым Теректіде алғаш мектеп директоры болып жұмыс істепті. Кейін Кеңесту мектебінде директор, аудандық білім бөлімінде инспектор, партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, халықтық бақылау комитетінің төрағасы сынды жауапты қызметтер атқарған. Тәжірибесі мен парасаты оның бүгінгі тұлғалық бейнесін айқындаған.
Ол кісі әр сөзін ойланып айтатын, қарсы отырған адамның көңіл күйін дәл аңғаратын, керек жерде тұспалдап жеткізетін психолог секілді еді. Көпшіл, есте сақтау қабілеті жоғары, кез келген ортада өз орнын таба білетін.
Дегенмен кейде бірбеткейлігі де жоқ емес – өз пікірін табанды түрде дәлелдеуге бейім болатын.
Сол алғашқы кездесуде Нұрекең менімен әңгімелесе отырып, отбасымды, өмірлік мақсаттарымды сұрады. Әрине, ондай лауазымды адамның алдында отырғандықтан аздап қобалжыдым. Бірақ сұрақтарына байыппен жауап беріп отырдым. Біраз сөйлескен соң:
– Жас кезде түрлі саланы көріп, тәжірибе жинау қажет, – деді де, маған аудан әкімдігінде қызмет ұсынды. Бірақ нақты қандай қызмет екенін ашып айтпады.
Біраз уақыттан кейін аудан әкімдігі мені әлеуметтік сала және мәдени даму бөлімі басшысының конкурсына қатысуға шақырды. Қысқа уақытта дайындалып, тесттен сәтті өттім. Енді бұл жаңалықты бөлім басшым Гүлжан Тәуірбайқызына қалай айтарымды білмей жүргенмін.
Бірақ ол кісі өзі шақыртып алды да:
– Маған неге ескертпейсің? Қазір сені алмастыратын адам жоқ, екі адамның жұмысын қатар атқарып жүрсің, – деп реніш білдірді.
Мен аудан әкімдігі өздері ұсынғанын айттым. Сонда апай:
– Мен сені инспекторлық қызметке көтеруді ойлап жүргенмін, бірақ сен асығып барасың, – деді.
Гүлжан апай ашуланса да, тез сабасына түсетін. Мен оның баласы Жәнібекпен бірге оқығам, тіпті үйленгенімде ол менің жігіт жолдасым болған. Бірақ апай бұл жақындықты ешқашан жұмысқа араластырған емес. Талапшыл, әділ басшы еді. Кейін біртіндеп маған баласындай қарай бастады. Ұрысса да, оңаша шақырып алып:
– Көңіліңе алма, бәрін түсініп, үйреніп алсын деп айтам, – дейтін.
Апайдың өмірінде үлкен қайғы орын алған кезде қасында болып, қолдан келгенше демеу болуға тырыстым. Бір күнде екі баласы, келіні және немересінен айырылған сәті әлі есімде. Сол күннен кейін ол кісі қатты күйзеліске түсті. Мен көрінсем, көзіне жас алып, баласын еске алатын. Жолдасы өмір бойы теміржолда жасайтын, ағай өте салмақты кісі болатын. Жүрегіне жақын қабылдаған болар аяқ-қолы істен шығып, мүгедек болып қалды.
Бір күні түстен кейін Нұрмұқан Исаұлы шақырып жатыр деген хабар келді. Кабинетіне кірсем, жылы шыраймен қарсы алды.
– Қазір аудан әкімі Мырзалин Ахат Ахметұлына кіріп шығамыз. Бүгіннен бастап сен аудан әкімдігі аппаратының әлеуметтік сала және мәдени даму бөлімі басшысы болып тағайындаласың, – деді.
Мен әлі Гүлжан апайдың ренішінен шыға алмай, «босатпай жатыр» деп едім, Нұрекең күліп:
– Ештеңе етпейді, өзім сөйлесем, – деді.
Көп ұзамай Нұрекеңмен бірге аудан әкімі Ахат Ахметұлының кабинетіне кірдік. Аққұба, жылы жүзді, елуге енді келген кісі екен. Нұрекең қысқаша таныстырып өтті. Ахаң күліп:
– Біз де сенің жасыңда жауапты қызметте болдық. Талмай еңбектен, алдыңда әлі асу көп, – деді.
Ахат Ахметұлы – ветеринар мамандығын бітірген, партия және шаруашылық саласында сатылап өскен тәжірибелі басшы. Тоғыз жыл бойы Темір ауданының әкімі қызметін атқарған, кейін облыстық ішкі саясат басқармасын басқарды. Салмақты, байыпты, асығыстыққа бармайтын басшы болатын.
Мен бұл кісілердің – Ахат Ахметұлы мен Нұрмұқан Исаұлының – өмір жолдарын бекер тізіп отырған жоқпын. Себебі менің мемлекеттік қызметтегі қалыптасуымның іргетасы дәл осы тұлғалардың тәлімінен бастау алды.
Осылайша, 2003 жылы менің мемлекеттік қызмет жолым ресми түрде басталды.
Мемлекеттік қызметке алғашқы қадам
Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы.
Мен алдыңғы жазбаларымда өмірлік мақсатым туралы айтып өткен едім. Ол уақытта менің ойымда мемлекеттік қызмет мүлде болған жоқ. Өзімді ұстаздық жолдан таптым деп ойлап, кейін заңгерлік бағытқа бет бұрсам ба деген ойда жүргенмін.
Алғаш жұмысқа кіріскен сәтте мемлекеттік қызметтің мән-маңызын, жауапкершілік жүгін толық түсіне қоймадым. Тек конкурстан өту үшін тестке дайындалу барысында ғана бұл қызметтің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен маңызын шын сезіндім.
Аудандық әлеуметтік сала және мәдени даму бөліміндегі негізгі міндетім – ауданның әлеуметтік бағыттағы бөлімдерімен өзара байланыс орнатып, олардың жұмысын сараптау және аудан әкімінің орынбасарына хабарламалық жазбалар дайындау болды. Менің тікелей жетекшім – Нұрмұқан Исаұлы.
Бөлім республика бойынша жаңадан ашылғандықтан, оның нақты міндеттері мен мақсаттары толық айқындала қоймаған еді. Ережесін зерделей келе, бұл бөлімнің негізгі қызметі – ауданның әлеуметтік саласындағы бөлімдер мен әкім орынбасары арасында үйлестіруші, делдалдық рөл атқару екенін түсіндім.
Ол кезде аудандық әлеуметтік сала бағытына білім бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, мәдениет және ішкі саясат бөлімдері, сондай-ақ әкім аппаратының спорт секторы қарады.
Мен бұл бөлімде бір жыл төрт ай қызмет атқардым. Осы уақыт аралығында аудан әкімдігі аппаратының ішкі жұмыс тәртібімен етене танысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыты мен қоғамдық өмірі жайында толық мағлұмат алдым. Шынын айтсам, бұған дейін Темір ауданының тарихы мен тыныс-тіршілігі жайлы аса көп білмейтінмін.
Темір ауданы Ақтөбе облысының батыс бөлігінде орналасқан. Мұғалжар, Байғанин, Ойыл және Қобда аудандарымен шектеседі. 1869 жылы құрамында 17 болысы бар уезд орталығы ретінде негізі қаланған. Кейін түрлі әкімшілік өзгерістерден өтіп, қазіргі Темір ауданы 1972 жылы құрылған.
Жер қойнауында мұнай, газ, темір және құрылыс материалдары барланған. 1967 жылы Жаңажол мұнай-газ конденсат кен орны ашылып, 3 000 метр тереңдіктен жоғары дебитті мұнай алынған. Бұл кен орны 1983 жылдан бері игеріліп келеді.
Бүгінде аудан халқы 37 мыңнан асады, оның 96 пайызы – қазақтар. Қалған бөлігі орыс, украин, неміс, татар және өзге ұлт өкілдері.
Халық негізінен ауыл шаруашылығы, мұнай-газ және теміржол саласында еңбек етеді. Аудан аумағында 1 қалалық және 9 ауылдық округ бар, барлығы 23 елді мекен орналасқан.
Осы уақыт ішінде мен бұрын білмеген елді мекендерді аралап, жаңа адамдармен танысып, ауданның даму әлеуетін көзіммен көрдім. Жұмыс барысында әлеуметтік саланың шынайы тынысын сезініп, халықпен тығыз байланыста болудың маңызын түсіндім.
Күнделікті жұмыс таңертең Нұрмұқан Исаұлының тапсырмасынан басталатын. Оның кабинетіне жиі кіретіндердің бірі – ішкі саясат бөлімінің басшысы, менің құрдасым Шангереев Есет еді. Біз бір кезеңде қызметке келдік. Есет әзірге үйленбеген, жұмысына өте ұқыпты, қағазға жүйрік, нағыз кеңсе қызметкері болатын. Ол насихат жұмыстарына арналған материалдар әзірлеп, есеп пен хабарламаларды мұқият жүргізетін.
Менің мінезім керісінше – кабинеттен гөрі елмен араласқанды, ауылдарға шығып, жағдайды өз көзіммен көргенді ұнататынмын. Елді мекендерге барғанда сол ауылдың сыйлы, беделді адамдарына жолығып, әңгіме тыңдау мен үшін үлкен рухани азық болатын.
Нұрмұқан Исаұлы халықпен етене араласатын. Көп жағдайда бізді де өзімен бірге ертіп жүретін. Өзі тарихшы болғандықтан, барған жеріміздің өткені мен бүгінін әңгімелеп, қызықты деректермен бөлісетін. Сапар барысында тарихи оқиғаларды, ел ішіндегі аңыздарды, кейде күлкілі жайттарды айтып, жолдың қалай өткенін байқатпайтын.
«Басшы жан-жақты болуы керек. Халық арасында көп жүрген адам бәрінен хабардар болады, сонымен қатар ел де сені таниды», – деп жиі айтатын.
Аудан әкімдігінде қызмет еткен жылдар өмірімнің ең қызықты әрі жауапты кезеңдерінің бірі болды. Сол уақыттағы басшылар мен әріптестердің айтқан сөздері, күлкілі де тағылымды оқиғалары есімде ерекше сақталып қалыпты.
Күнделігімде кездескен адамдар мен болған оқиғаларды тәптіштеп жазып жүретінмін. Кейін сол жазбалар өмірлік естеліктерімнің бір бөлігіне айналды.
Қызмет барысында түрлі қызықты сәттер де кездесті. Нұрекең кейде аудан тарихынан естеліктер айтып отыратын.
Мысалы, 90-жылдардың басында аудан әкімдігінде алқа мәжілісі өтіп жатады. Аудан әкімі Болат Әбішев Қорғаныс бөлімінің бастығын тыңдап болған соң:
– Қай ауылдың жастары әскерге жарамсыз болып жатыр? – деп
сұрапты.
Сонда қорғаныс бөлімінің бастығы:
– Теректі ауылының балалары көп, көбінің салмағы жетпейді, – деген екен.
Бұл – менің туған ауылым. Сол сәттегі залдағы үнсіздікті елестетіп, әрдайым күліп еске аламын.
Сонда аудан әкімі Теректі ауылдық округінің әкімі Бақтыбай Бисенғалиевті орнынан тұрғызып:
– Ауылда балалар вермишельді суға пісіріп, нанмен жейді екен, көкөніс жемейді дейді. Сосын салмақ жетпейді ғой. Мен дұрыс айтып отырмын ба, бас дәрігер Ерсайын Балбосынов? – депті.
Сонда Ерсайын аға жымиып:
– Жоқ, жолдас әкім, сіз дұрыс айтып отырған жоқсыз. Ауыл балалары көкөніс жемей-ақ, сол вермишель мен нанын жеп-ақ бойы мен салмағын өсіріп жүр, – деген екен.
Сонда Болат Әбішев күлкіге басып:
– Онда вермишельге жарымаған Дәндібаев екеуміз ғана болғанымыз ғой, – депті.
Бәрі ду күлген. Расында, Болат Әбішев пен Қазақтелеком басшысы Берік Дәндібаев екеуі тапалдау кісілер болатын.
Аудан әкімдігінде қызмет еткен жылдар өмірімнің ең қызықты әрі жауапты кезеңдерінің бірі болды. Сол уақыттағы басшылар мен әріптестердің айтқан сөздері, күлкілі де тағылымды оқиғалары есімде ерекше сақталып қалыпты.
Бәрі ду күлген. Расында, Болат Әбішев пен Қазақтелеком басшысы Берік Дәндібаев екеуі тапалдау кісілер болатын.
Бір күні Нұрекең екеуміз мектептердің жөндеу жұмыстарын қарап жүрген едік. Бір ғимараттағы сапасыз жасалған жөндеуді көріп, мердігерге қарап:
– 2013 жылы еліміздің бір қаласында сапасыз салынған «Бесоба» тұрғын үй кешені құлапты, естіп пе едің? – дейді.
– Жоқ, Нұреке, – дейді мердігер.
– Онда тыңда, сол туралы анекдот шығыпты, – деп Нұрекең күлімсіреп әңгімені бастап кетті.
– Үй құлаған соң құрылыс материалдары жиналып, жиналыс өткізеді. Әрқайсысы кінәні бір-бірінен көреді. Бір кезде бәрі цементті айыптапты. Сонда цемент: «Мен ол жерде мүлде болған жоқпын ғой!» – депті.
Соны айтып күліп алып:
– Ертең сенің де жағдайың цементтікі сияқты болып жүрмесін, – деді.
Мердігер күлсе де, ескерту астарын жақсы түсінген.
Тағы бір жолы Нұрекеңнің айтқан мысалы есімде қалыпты.
– Аспанда ұшып келе жатқан құс саңғырып жіберіпті. Төменде кетіп бара жатқан адамның басына түсіпті. Бұл – кездейсоқтық, ал құстың саңғыруы – қажеттілік. Өмірде кездейсоқ ештеңе болмайды. Қазіргі сендерге беріліп отырған мүмкіндік – ертеңгі қадамың үшін қажет, – деген еді ол. Сол сөз менің жадымда мәңгі сақталып қалды.
Әкімдіктегі алғашқы қызметімде аудан әкімімен көп сөйлесе бермейтінмін. Әдетте, барлық тапсырма аудан әкімінің орынбасары арқылы келетін. Бір күні хатшы келіп:
– Сізді аудан басшысы шақырып жатыр, – деді.
Іштей қобалжыдым. «Не болып қалды екен?» деп ойладым. Әдетімше Нұрмұқан Исаұлына кіріп, ақылдасып алдым. Ол да ойланып:
– Бар, не айтатынын тыңда, – деді сабырмен.
Кабинетке кіргенімде аудан әкімі Ахат Ахметұлы жылы жүзбен қарсы алды.
– Қалай, жұмысыңа үйрендің бе? Қызметің ұнай ма? – деді.
– Иә, үйренісіп кеттім. Көп нәрсеге қанық болдым. Нұрекеңнің
басшылығымен жұмыс істеп жатырмыз, – дедім.
– Менің жұмыс стилім – жастарды бір жерде ұзақ отырғызбау. Әр салаға жіберіп, тәжірибе жинасын деймін. Бір орында отырса, қызығушылық төмендейді. Сондықтан жаңа нәрсеге итермелеп отыру керек, – деді ол ойлана сөйлеп.
– Келісемін, тәжірибе – ең басты байлық, – дедім мен де.
– Онда былай жасайық, – деді Ахаң.
– Бір жарым жылдай осы қызметті атқардың. Енді менің көмекшім
боласың. Талдау жұмыстарымен айналысасың. Өз алдыңа кабинет, барлық жағдай жасаймын. Менің атымнан бөлім басшыларымен байланыс орнатып, ақпарат жинайсың. Аудан мен облыстағы шараларда менімен бірге жүріп тәжірибе аласың.
Осылайша 2004 жылдың желтоқсан айында мен жаңа қызметке тағайындалдым. Жаңа жыл қарсаңында курстастармен кездесуді жоспарлап жүрген едім. Рұқсат сұрадым. Ахаң жылы қабылдап, екі күндік демалыс берді.
31 желтоқсан күні мерекені қарсы алып жатқан сәтте аудан әкімінің көмекшісі болып бекітілгенім туралы хабар келді. Мен үшін бұл – жаңа жылдағы ең үлкен сыйлық еді.
Ахаң менің кабинетімді өзінікінен алыс емес жерге берді. Тікелей телефон, компьютер, қажетті техникамен қамтамасыз етті. Кез келген уақытта қабылдауына кіруге мүмкіндік болды.
Жұмысымды ауданның экономика және қаржы бөлімдерінің есептерінен бастадым. Ауданның бюджеті мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері әкімдіктің басты индикаторы болғандықтан, алдымен соны зерттедім.
Кейде облыс әкімдігіне жиналысқа барғанда ауданның көрсеткіштері жоғары болса, Ахаң көтеріңкі көңілмен баратын. Ал кей көрсеткіштер төмен болса, бізді көтеріп қалады-ау деп қобалжитын. Сондықтан мен облыс қандай ақпарат сұрайтынын нақтылап алып, соған басымдық бердім.
Экономика бөлімі көбіне жалпы қорытынды есеп жасайтын, бірақ көрсеткіштердің өзгеру себептеріне терең талдау жүргізбейтін. Мен осыған мән бердім. Әкімге әр баяндамамен бірге қысқа әрі нақты талдау ұсынып отырдым.
Бұрын аудан әкімінің құттықтау сөздері мен баяндамаларын Нұрмұқан Исаұлы жазатын. Кейін бұл жұмыс маған жүктелді. Алғашқыда жазған нұсқаларымды Нұрекеңе көрсетіп, түзетулерін алып жүрдім. Кейін Ахаңның сөйлеу мәнерін, ойын жеткізу тәсілін түсініп, оның стилінде жазуға дағдыландым.
Ахаң жиындарда сөйлейтін сөздерін маған ауызша айтып беретін, мен соны мазмұнды, ықшам, әдеби тілмен баяндап шығатынмын. Ол «Жақсы баяндама – әйелдің көйлегіндей: тақырыпты толық жауып, бірақ қызықтырып тұруы керек», – деп Черчильдің сөзін жиі келтіретін.
Сол себепті баяндамаларымда құрғақ сандардан гөрі ой мен мәнге, тіл мен әсерге көңіл бөлетінмін.
Көп оқу мен ізденіс осы кезде менің басты қағидам болды. Қадыр Мырза Әлидің кітап оқығанда ұнаған жерін сызып отыратын әдетін мен де өзіме сіңіріп алдым. Кітаптағы ерекше тұстарды қызылмен белгілеп, кейін күнделігіме жазып жүрдім.
Әсіресе, Борис Бажановтың «Сталиннің бұрынғы хатшысының естеліктері» кітабынан көп тағылым алдым. Онда кеңсе жұмысын жүйелеу, бақылау және басқаруды оңтайландырудың үлгісі айқын көрсетілген. Бұл кітап менің іс қағаздарын жүргізудегі көзқарасымды түбегейлі өзгертті.
Бір күні Ахат Ахметұлы жаңа идеямен бөлісті:
– Астанада біздің ауданда туып-өскен біраз студенттер оқиды. Олар – болашақ кадрларымыз. Бірақ олармен байланыс жоқ. Солармен кездесу ұйымдастырсақ деймін, – деді.